Жасөспірімдер отбасындағы ұрыс-керіс, жауапсыз махаббаттан суицидке барады – суицидолог

  Ақтөбе облысы бойынша биыл 3 жасөспірім өз-өзіне қол салды. Тағы 10 жасөспірімді мамандар аман алып қалды, деп хабарлайды Kazinform.

суицид
Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысы бойынша жасөспірімдер арасында суицид азайғанымен, мүлде тоқтады деп айтуға болмайды. Қазіргі кезде ата-ана арасындағы дау, ұрыс-керіс пен интернетке тәуелділік жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына әкеп соғып тұр.

- Жасөспірімдер арасындағы суицидтің ерекше бақылауда болатыны белгілі. Биыл үш жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қоштасты. Олардың жасы 16-ға толмаған. Сонымен бірге кәмелет жасқа толмаған 10 бала өмірімен қоштасуға оқталды. Бала стационарға жатқызылса, бірден мобильді топ барады. Олар: балалар психиатрі және бас суицидолог-психолог. Мамандар алдымен себебін анықтайды. Психикалық ауытқуы бар-жоғы тексеріледі. Сонымен бірге сол күні-ақ бала оқитын білім ордасына, прокуратура, полицияға хабар беріледі. Бала, оның жан-жағындағы адамдар жыл бойы психолог, педагог, әлеуметтік қызметкердің бақылауында болады. Жасөспірім шақта балалар отбасындағы ұрыс-керіс, жауапсыз махаббаттан суицидке барады. Ересектер үшін ұсақ-түйек болғанымен, бұл балаларға үлкен қасірет, - деді суицидолог Светлана Пошолченко.

Оның айтуынша, кейде балалар 13 жасында шизофрения дертіне шалдығып жатады. Бұл ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың ажырап кеткенін, отбасында байланыстың жоқ екенін білдіреді.

- Былтырғыға қарағанда биыл жасөспірімдер арасында суицид азайды. Бірақ ересектер арасында жиі тіркеліп жатыр. Жұмысынан айырылу, өтелмеген несие, отбасындағы кикілжің және құмар ойынға салыну себептері алдыңғы орында. Адамдар психолог, психиатрға барудан қашқақтайды. Бұл дұрыс емес. Уақытылы көмек сұраса адамдар мұның бәрінің алдын ала алады. Салауатты өмір салтын ұстану, жаман әдеттен аулақ болу, спортпен шұғылдану маңызды. Сонымен бірге көпшілік арасына шығып, ой бөлу керек. Коронавирус инфекциясы кезінде адамдар үйде отырып, күйзеліске түсті. Қазір де адамдар бір-бірімен сөйлеспейді, әңгімелеспейді. Телефон арқылы байланысу да дұрыс емес. Адамдар сөйлессе ғана бар мұңын жақынына айтып, қайғылы жағдайдың алдын алуға болады. Шер тарқатқан жөн,- деді суицидолог Светлана Пошолченко.