«Жасыл» аймақта да той-думан, басқосу өткізуге болмайды – Ақтөбе бас санитары

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе «жасыл» аймақта болғанымен облыстың бас санитар дәрігері тұрғындарға ескерту жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жасыл» аймақта да той-думан, басқосу өткізуге болмайды – Ақтөбе бас санитары

Ақтөбе облысы екі тәуліктен бері «жасыл» аймақта тұр.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева соған қарамастан әлі де сақ болуға үндеді.

«Бір тәулікте тағы 53 жағдай тіркелді. Өткен күндерге қарағанда сәл өсім бар. Сонымен бірге 149 ошақ бақылауға алынған. Онда 3400-ден астам адам үй карантинінде отыр. «Жасыл» аймақ көп адамға сенім беруі мүмкін. Бірақ әлі де вирус ел арасында жүр. Сондықтан барлық сақтық шарасын ұстануға үндеймін. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау, маска тағу, антисептик қолдану маңызды. Әлі де той, ұжымдық басқосу өткізуге болмайды. «Жасыл» аймақта да ұжымдық басқосу өткізілмейді», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Ақтөбе облысы бойынша әлі де 400-ге жуық адам ауруханада ем қабылдап жатыр. Оның жетеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

«Негізі инфекциялық стационарда науқастар саны азайып келеді. Жансақтау бөлімінде 32 адам жатыр. Бәрі дәрігерлер бақылауында. Инфекциялық стационар жүктемесі 29,1 пайыз, реанимациялық кереует жүктемесі 18,6 пайызды құрады», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.