Жат ағымнан бас тартқан ақтөбелік келіншек туралы фильм түсірілді

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Аңсар» ақпараттық орталығы үш рет күйеуге шығып, үш рет талақ айтылған келіншек туралы арнайы бейнежазба әзірледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Жат ағымнан бас тартқан ақтөбелік келіншек туралы фильм түсірілді

Ақтөбе облыстық дін істер басқармасы мен «Аңсар» ақпараттық-талдау орталығы дінде шектен шығып, асыра сілтеген қыздың әңгімесін жарыққа шығарды. Бейнежазбада ақтөбелік келіншек күйеуге шығып, дін жолына түскенін айтып берді.

«Қыз бала радикалды бағытты ұстанады. Бұл бейнеөнімді «Аңсар» талдау орталығы өз күшімен түсірді. Қысқа метражды, екі бөлімнен тұрады. 16 жасында жат ағымда жүрген ер адаммен неке қиған. Бірнеше жыл өткен соң ол жігіт талақ етіп, қызды тастап кетеді. Содан кейін қыз түрмеде отырған ер адаммен сөйлесіп, телефон арқылы неке қиған. Бұл ешқандай шариғатқа сай емес. Бірнеше жылдан соң ажырасып, үшінші рет тағы жат ағым жетегінде жүрген адаммен некелеседі. Дәм-тұзы жараспай, тағы ажырасқан. Қыз 6 жылдағы өмірін баяндайды. Теологтармен тілдесіп, өзінің қате басқанын түсінді. Үш рет ажырасқан келіншек қалада тұрады, қалыпты өмірге араласып, жұмыс істеп жүр», - деді «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының дииректоры Жансәулет Сүлейменов.

Айта кетейік, бейнежазба кезінде ақтөбелік келіншек күйеуге шыққан күннен бастап, күні бүгінгіге дейінгі өмірі туралы баяндады. Ол намаз оқу, жат ағымды насихаттайтын кітаптар мен бейнематериалдардың таралуы, өзінің тұрақсыз, қорқынышты өмірін өзгеге үлгі болсын деген ниетпен жеткізді.

«Қазір ата-анаммен қарым-қатынасым жақсы. Ол кісілерден әлі де кешірім сұраймын. Олар маған әлі де ренжулі. Оларға айтпаған сөзін, ісім қалмады. Өмірдің ауыр кезеңін өткердім, әлі де өкінемін. Себебі, әкем мен анам келіп, жылаған кезде «сендер кәпірсіңдер» деп кетіп қалған едім»,- деді ақтөбелік адасқан келіншек өз сөзінде.

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығының мәліметінше, жыл басынан бері жат ағымда жүрген 200-ге жуық адамның көзқарасы өзгерген. Олар қалыпты өмірге келді. Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жат ағым жетегінде жүргендермен күрес нәтижелі болуы үшін салафизмге заңды түрде тыйым салу керек деп ұсыныс айтқан болатын. Сонымен қатар, олардың қаржыландыру көзін тауып, жою туралы да айтты.