Жатақхана құрылысында жеке сектор қандай міндеттерді орындауы тиіс

«Тетіктің тұжырымдамасы мемлекет пен жекеменшік сектордың әріптестігіне негізделеді. Инвестор, оқу орны немесе кәсіпкер тұрғысындағы жеке құрылыс салушы өз қаражаты есебінен нысанды пайдалануға беруді жүзеге асырады. Объекті сәтті пайдалануға енгізілген жағдайда, мемлекет онда мақсатты мемлекеттік тапсырысты орналастырады. Осы жерде үш маңызды параметрді атап өту қажет. Бірінші – орналастыру принципі. Мемлекеттік тапсырысты орналастырудың басты талабы - студенттің жатақханада тұруы. Яғни мұнда жан басына шаққандағы қаржыландыру принципі жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, құрылыс салу немесе реконструкция жасау жолымен жаңа жатақханаларды енгізуді жүзеге асыратын барлық ұйымдарда орналастырылады», - деп түсіндірді А. Ибраимов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Екіншіден, орналастыру мерзімі ескеріледі. Мемлекеттік тапсырыс ай сайынғы төлем негізінде 8 жылға орналастырылады. Демалыс кезеңінде соңғы оқу айында тұрған студенттердің саны ескеріледі.
Үшіншісі – ол төлемдер мөлшері. Бір студентке мемлекеттік тапсырыстың жыл сайынғы мөлшері: құрылыс салынған жағдайда – 122 АЕК (Алматы қаласында – 144 АЕК), реконструкция жасалған жағдайда – 47 АЕК (Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынды – 92 АЕК). Бұл ретте алғашқы 12 айда мемлекеттік тапсырыс екіге тең болып келетін түзету коэффициенті ескеріле отырып төленеді. Мысалы, іс жүзінде 100 адам тұратын болса, төлемдер 200 адамға төленеді, бірақ жатақхананың жобалық қуатынан асырылмайды.
«Жалпы, осы мақсаттар үшін республикалық бюджетте 152 млрд теңге көзделген және ең маңыздысы, бұл қаражат секвестрлеуге жатпайды. Мемлекеттен төлемдер мерзімі аяқталғаннан кейін, нысан құрылыс салушының меншігінде қалады. Жалғыз шарт ретінде 20 жыл мерзімге нысанның мақсатын өзгертпеу туралы міндеттеме рәсімделеді», - деді орталық басшысы.
Оның сөзіне қарағанда, іске асырылып жатқан жобалар аясында мемлекеттік тапсырысты орналастырумен қатар, кәсіпкерде қосымша табыс көздері болады. Өйткені, студенттердің ай сайынғы тұру ақысы мемлекеттік тапсырыстың құнына кірмейді. Оның мөлшерін жатақхана иесі реттейді және нақты өңірдегі тұрғын үй нарығының жағдайымен анықталады.
Сондай-ақ нысан иесі тұрмыстық қызмет көрсету үшін коммерциялық алаңдар (асхана, шаштараз, жаттығу залы және т.б.) жасай алады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Асқар Ибраимов қазіргі кезде 63 мыңға жуық студент жатақханадағы орынға мұқтаж екенін айтты.