Жайық өзенінің үстіндегі көпір ойылып қалды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының аумағында көлік қозғалысын реттеу үшін Жайық өзенінің үстінен 6 көпір салынған. Көпірдің бірінде ойық пайда болды.

көпір
Фото: Видеодан алынған скрин

Бұл туралы әлеуметтік желіде видео  тарады. Видео авторы көпірді жөндеу қажеттігін көтерді.

Көпірдегі жарықшақ көлік қозғалысын тоқтатуға себеп болуы мүмкін бе? Осыған орай Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласқан едік.

«Атырау қаласындағы айналма жол көпірінде пайда болған ойық туралы бейнематериал әлеуметтік желіде тарады. Осыған байланысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары оқиға орнына барды. Қазір мамандар қажетті зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Зерделеу нәтижесімен ойықты жөндеу жұмыстары жол қозғалысын шектеумен немесе шектеусіз жүргізу туралы шешім қабылданады. Толық ақпарат қосымша хабарланатын болады», -деп мәлім етті әкімдіктің баспасөз қызметі.

Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, аталған көпірдің ұзындығы – 305 метр, ал, ені өткелімен бірге 14 метрді құрайды. Бұл көпір 1985 жылы ашылған.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері жол апатынан 73 адам мерт болып, 858-і жарақат алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар