«Жайлы мектеп»: 163 мектеп ауылдық жерлерде салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарт министрі Ғани Бейсембаев айтты.
«Оқу-ағарту министрлігі ұлттық жобаны іске асырудың барлық кезеңіне бақылауды және үйлестіруді жүзеге асыруда. Осы мақсатта әр апта сайын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары өткізетін жедел кеңестерде оның орындалу барысы қаралып, аптасына екі рет Оқу-ағарту министрлігінің жобалық кеңсесінің отырыстарында барлық өңірлердің қатысуымен, проблемалық сұрақтар үйлестіріліп отырады. Бұдан басқа, министрлік ҚР Президенті Іс басқармасы әзірлеген «Битрикс» ақпараттық жүйесі арқылы, нақты уақыт режимінде құрылыс жұмыстарына, орындалған жұмыстардың көлеміне күнделікті мониторинг жүргізіп отыр», - деді министр.
Жалпы министрдің дерегінше, ұлттық жоба еліміздегі оқушы орындарының тапшылығын шешуге, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін жоюға бағытталған. 2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті қолданысқа беру көзделген.
«Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылуда. Бұл ретте 163 мектеп ауылдық жерлерде салынады. Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 трлн. теңге бөлу көзделген. Оның ішінде былтыр «Самұрық-Қазына Констракшн»-ге тиісті көлемде қаржы аударылды», - деді Ғани Бейсембаев.
Оның атап өтуінше, Оқу-ағарту министрлігі заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітті. Атап айтқанда:
Бірінші, 7-і жобалық қуаты бойынша мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді.
Екінші, эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде білім алушылар мен педагогтердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі бекітілді.
Үшінші, бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды.
Төртінші, қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылды, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді.
Бесінші, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру қарастырылды.
Алтыншы, мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді.
Жетінші, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша гардероб қарастырылды.