Жайлы мектептерге Қазақстанда жасалған өнімдерді сатып алуымыз керек — Олжас Бектенов
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-Министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорының жайлы мектептер құрылысының кешеуілдеуіне қатысты дәйектерін қабылдамады.
«Нұрлан Қаршығаұлы («Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов), сіз баяндамаңызда жобалық-сметалық құжаттаманы бекіту жұмысы кешіктіріліп жатқанын айттыңыз. Себептерін де тоқталдыңыз. Бірақ олар қабылданбайды. Жұмысты барынша тездетіп, барлық жұмыс мерзімінде аяқтау керек. Екіншіден, кәсіпкерлер тарапынан «Самұрық-Қазына Констракшн» компаниясының жұмысына қатысты көптеген шағым түсіп жатыр. Құрылыс материалдарын, технологиялық жабдықтар мен жиһаздар сатып алу ісінде өзіміздің отандық өндірушілерді қатысуы бойынша шектеулер болып отыр деген ақпарат маған түсіп жатыр. Бұл проблеманы шешу үшін қандай жұмыс істеліп жатыр?», — деді Олжас Бектенов бүгін Үкімет отырысында.
Нұрлан Жақыповтың айтуынша, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде отандық тауар өндірушілердің өнімдерін барынша пайдаланылады. Мысалы, Алматы облысы Қарасай ауданы Елтай ауылында 1200 орындық мектеп салу жобасында жергілікті қамту деңгейі — 60 пайыз. Сондай-ақ Түркістан облысы Жаңақала шағын ауданында 2000 орындық мектеп салу жобасында жергілікті қамту деңгейі — 71 пайыз.
«Біз «Атамекен» ҰКП және әкімдіктермен тиісті жұмысты жүргізіп жатырмыз. Өңірлерде арнайы жиһаз комиссиялары құрылды», — деді ол.
Сонымен қатар Нұрлан Жақыпов «Атамекен» талаптарға сәйкес келетін отандық өндірушілердің тізімін қалыптастыруы керектігін атап өтті. Оларды қолдау үшін қажетті құралдар Үкіметтің қаулы жобасын іске асыру кезінде қолданылмақ.
«Осындай кемшіліктерге жол берілмеуі керек. Ұлттық жобаға тек Қазақстанда жасалған өнімдерді сатып алуымыз керек», — деді атап өтті осы орайды Олжас Бектенов.