Жайсаң — Сағаршын шекара бекетіндегі кезекте 600-ден астам жүк көлігі тұр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жүк көлінің 360-ы шекара бекеті маңында, қалған 250-і Саржансай ауылында тұр. Кейбірінде тез бұзылатын көкөніс сақталған.

Жайсаң — Сағаршын шекара бекетіндегі кезекте 600-ден астам жүк көлігі тұр
Фото: Видеодан алынған скрин

Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті экспорттық бақылау бөлімінің басшысы Әміржан Мұхамедияров пен облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Куйшинов Қазақстан — Ресей шекарасындағы ахуалды білді. Жайсаң — Сағаршын шекара бекетіне мониторинг жасаған кезде күту уақыты 24 сағаттан асып кеткені анықталды

— Шекараға жақын маңда 360, Саржансай ауылында 250 жүк көлігі тұр. Жалпы алғанда 600-ден астам көлік бар. Оның жартысынан астамы тез бұзылатын тағым тасымалдайды. Нақтыласақ Өзбекстаннан Мәскеуге көкөніс, соның ішінде қарбыз, шие тасымалдайды. Ұзақ күтсе тауарды дер кезінде жеткізе алмайды, бұзылып кетсе шығынға ұшырайды. Тасымалдаушылардың айтуынша, Сағаршын шекара бекетінің өткізу қабілеті төмен. Бір ғана жолақта қабылдайды. Онда да жеңіл және жолаушылар тасымалы көлігіне басымдық беріп, кейін ғана жүк көлігін өткізеді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.

Бұл жерде тасымалдаушылар шекараны өзге бекеттен кесіп өте алмайды. Себебі Қазақстан территориясын тек осы Жайсаң — Сағаршын бекетінен өту міндеттеліп, құжаты толтырылады. Сертификат та Соль — Илецк қаласында беріліп, кейін ғана діттеген жеріне жіберіледі. Ал Жайсаң шекара бекеті жеңіл және жүк көліктерін дер кезінде өткізіп келеді.

— Кәсіпкерлер палатасы Орынбор облыстық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау уәкілі В.Коршуновқа кедергісіз өтуді қамтамасыз етуге ықпал етуді сұрады. Бұл мәселе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының проблемалық сұрақтар реестріне де тіркелді. Кәсіпкерлер 1432 нөмірі арқылы хабарласа алады, — деп хабарлады баспасөз қызметі.

Жайсаң — Сағаршын шекара бекетіндегі кезекте 600-ден астам жүк көлігі тұр
Фото: Видеодан алынған скрин

Видеодан Қазақстан мен Ресей шекарасының ортасындағы алаңда антисанитариялық жағдай орнағанын көруге болады. Жүргізушілер өз қолымен әжетхана орнатып, жан-жағы қоқыс алаңына айналған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Жайсаң» шекара бекетіндегі күту аймағы биыл іске қосылады. Жоба жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.