«Жайсаң» шекара бекетінде әлі де 70-100 көлік тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM — «Жайсаң» шекара бекетіндегі жол құрылысы уақытша тоқтатылып, жүргізушілер электронды талон алуға машықтанды. Дегенмен шекарада әлі де 70-100 көлік бар.

Ақтөбедегі «Жайсаң» шекара бекетінде бұған дейін 500-600 көлікке дейін тұрып қалса, бүгінде оның саны 70-100-ге түскен. Шекараның өткізу проблемасын көтерген жүргізушілер мен кәсіпкерлер мәселесі әлі де бақылауда болуы тиіс. Себебі бір күндері мұнда жұмыс қалыпты болса, екінші күні жағдай өзгеріп, адамдар кезегін ұзақ күтіп қалуы мүмкін.
— Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің бұйрығымен 19 мамырдан бастап «CarGoRuqsat» бағдарламасы қолданысқа енгізілді. Бұл Қазақстаннан Ресейге өтетін жүк көліктеріне арналған электронды талон жүйесі. «CarGoRuqsat» іске қосылғаннан бері шынында да жүргізушілерден шағым көп түсті. Бұған дейін де хабарлағанымыздай, ортақ чатта екі күнде 200 кәсіпкер шағым түсірді. Сонымен бірге 100 жүк тасымалдаушы өз ренішін білдірді. Кептеліске түрткі болған проблеманың бірі жол болса, қазір бұл бағыт ашылды. Ал кезек сонда да бар. Бүгінде кезекте 140 көлік тұр. Олар шетелдік және отандық жүк тасымалдаушылар. Бұл өзіміздің тасымалдаушыларға да кері әсерін тигізіп тұр. Бүгін 13 маусым болса, электронды кезекте бір аптаға дейін бос орын жоқ. Алдын ала сатып алған талонды. Олардың ішінде осы қызметті көрсететін сақтандыру компаниялары да бар. Тағы бір айта кететін жайт, мәселен талонды 16 маусымға алды. Ал олар бүгін келіп, шекарадан өте алады. Қазір мемлекеттік кірістер департаменті, экспорттық бақылау, шекарашылар тез жіберуге күш салады. Себебі қазір жүк арасында бұзылатын заттар бар, — деді «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Руслан Күйшінов.
Кәсіпкерлер палатасы бұған дейін айтылған ұсыныстардың қалай орындалғанын үнемі бақылауда ұстамақ. Палата жүйеге тіркелген және тіркелмеген көліктердің ағынын бөлу қажет екенін айтты. Сонымен бірге Мәртөк ауданының әкімдігіне және облыстық мемлекеттік кірістер департаментіне жүк көліктері үшін арнайы жиналмалы тұрақ салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Ал Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «CarGoRuqsat» бағдарламасы тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, ешқандай іркіліс болмағанын айтты. Шекарада 4 маман жұмыс істеп отыр. Екеуі импортқа, екеуі эскпортқа жауапты. Салық маманы құжатты сканерлейді. Құжатта шекарадан алып өтуге болмайтын тауар аты жазылса, тексереді. Ал қалған уақытта 2 минут сайын бір жүргізушіге қызмет көрсете алады.
— 19 маусымда жүйе іске қосылғанда қиындық болғаны рас. Тіпті 500 көлікке дейін кептеліс болды. Ол кезде негізгі проблема — жол жөндеу жұмысы. Әкімдік, прокуратура, Антикор келіп қарап, бекеттің ішінде еш мәселе анықталмады. Бекеттегі бар жұмыс шекарашылардың міндетіне кіреді. Ал облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің 4 қызметкері құжатты сканерлеп алады, растайды. Бары сол ғана. Қазір жағдай қалыпқа түсті. Бүгінде 70-80 көлік бар, — деді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Камаладдинов.
Оның айтуынша, шекарадағы жағдай екі елге байлаулы. Біріндегі жағдай екіншісіне бірден әсер етеді. Сонымен бірге жазда жеміс-жидек пісіп, тасымал артып отыр. Жылдағы жағдай осы.
— Талон алмаса, электронды кезекке тұрмаса көлік шекарадан өтпейді. Кезекті жол жоспарына сай күні бұрын онлайн ала алады. Егер жүргізуші бір күн кешігіп қалса, қайта талон алуы керек. Оның құны — 1 АЕК. Алғашқы кезде кешіккендер болды, электронды талон ала алмай қиналды. Себебі олар екінші деңгейлі банк арқылы төлем жасауы тиіс. Қазір бәрі уақытында өтіп жатыр. «CarGoRuqsat» жүйесі болса жұмысын әрі қарай жалғастыра береді, — деді Бауыржан Камаладдинов.
Кептелістегі тағы бір проблема — екі шекара аралығындағы орын. Бұл шекарада кезек күтіп тұрған жүргізушілерге арналатын тұрақ. Тұрақта демалыс, тамақтану орны болса, шағым жойылады. Әзірге Мәртөк ауданы әкімдігі 7 гектар жер бөлді. Енді оның жолын салып, талапқа сай инфрақұрылым жүргізу керек. Тағы бір ескере кететін жайт, Ақтөбеден Ресейге өтетін 8 жолақ бар. Төртеуі шекарадан өткізуге, төртеуі қабылдауға арналған. Ал Ресей тарапындағы жол екі жолақты ғана. Мұның да кептеліске әсері бар.
Айта кетейік, Жайсаң шекара бекеті тәулігіне 300-350 көлікті өткізе алады.
Еске салсақ, мамыр айының соңында облыстық кәсіпкерлер палатасына бір аптада 200-ден астам шағым түскен. Шекарадан өтетін жүргізушілердің мәселесін шешу үшін жиын өтті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Ақтөбе облысы бойынша департаменті көшпелі мониторинг өткізді.