Жазаны жеңілдету үшін 2,5 млн теңге сұраған прокурорға үкім шықты

АҚТАУ.KAZINFORM —  Ақтауда жазаны жеңілдету үшін 2,5 млн теңге талап ету ісі бойынша сот айыпталушыға 2 жыл 7 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

Жазаны жеңілдету үшін 2,5 млн теңге сұраған прокурорға үкім шықты
Фото: freepik

Резонанс тудырған оқиға Маңғыстау облыстық көлік прокуратурасының қызметкері мен оның танысы басқа адамның қиын жағдайын пайдаланып, пайда табуға әрекеттенгеннен басталған. Іс материалдарына сәйкес, олар ер адамнан 2,5 млн теңге талап етіп, сол ақшаға оның қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан ісін жеңілірек жаза, яғни бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға уәде еткен.

Іс сотқа жеткен кезде мемлекеттік айыптаушы нақты мерзімді тек бір айыпталушыға — прокуратура қызметкеріне тағайындауды сұрады. Себебі айыптау тарапы дәл осы адам қызметтік дәрежесін пайдаланып, жәбірленушінің сенімін теріс пайдаланған деп есептейді. Ал екінші күдікті жәбірленушімен татуласқандықтан, прокурор оны Қылмыстық кодекстің 68-бабы бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатуды қолдады.

Сотта екі ер адам да кінәсін мойындап, қатал жаза қолданбауды өтінді. Сот барысында олар ақша талап еткені толық дәлелденді. Сонымен бірге сот маңызды жайтқа назар аударды: прокуратура қызметкері үшін жазаны ауырлататын мән-жай ретінде кәсіби антын бұзу танылды. Өйткені ол жай ғана қылмысқа қатысушы емес, заңды қорғауға міндетті тұлға бола тұра қылмысқа барған.

Нәтижесінде сот оған 2 жыл 7 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, өмір бойы мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік секторда және Ұлттық банк жүйесінде жұмыс істеу құқығынан айырды.

Бұған дейін ҰҚК Айдос Есполовтың ұсталғанын растаған еді

Соңғы жаңалықтар