Жазғы демалыста балаларды музейлерге, театрларға, спорт нысандарына тегін апару ұсынылды

театр
Фото: Жетісу облысының мәдениет басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Үкіметте балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесі пысықталды және Премьер-Министр Олжас Бектенов демалыс сапасын жақсарту жөнінде өз ұсынымдарын айтты.

«Балаларды, ең алдымен әлеуметтік жағынан осал санаттағы балаларды жазғы демалыспен қамту керек. Демалыс кезеңінде балалардың музейлерге, театрларға, қорықтарға, ұлттық парктер мен спорт объектілеріне тегін баруын қамтамасыз ету қажет», - деді О. Бектенов Үкімет отырысында.

Сонымен бірге, Премьер-Министр ауыл балаларының бос уақытына ерекше назар аудару керегін айтуда. Олар үшін спорт алаңдарын, дамыту орталықтарын жабдықтап, бос уақыттағы, мәдени іс-шараларды және басқа да шараларды ұйымдастыру керек.

«Денсаулық сақтау министрлігі рұқсат құжаттары жоқ жазғы сауықтыру ұйымдарының жұмыс істеуіне жол бермеуге тиіс. Балаларды тамақтандырудың сапасын үнемі санитариялық-эпидемиологиялық бақылауда ұстау қажет», - деді ол.

Ал Оқу-ағарту министрлігі Туризм министрлігімен бірге әр облыстан келетін балалардың еліміздің танымал туристік аймақтарына, тарихи-мәдени мұра объектілеріне баруы үшін әкімдіктердің өңіраралық өзара іс-қимылын үйлестіруі қажет.

Бұған дейін Премьер-Министр балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруды сынға алған еді.

Сондай-ақ, балаларды лагерлермен, үйірмелермен, секциялармен, сауықтырумен қамту бойынша бірыңғай электрондық платформа қажет екені айтылды.

 

Соңғы жаңалықтар