Жібек Құламбаева алғаш рет WTA турнирінде жеңімпаз атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Хучжоу (Қытай) WTA 125 турнирінің финалында үздік шықты.
Жарыстың 2-ракеткалары Жібек Құламбаева мен словениялық Вероника Эрьявец жапониялықтар Момоко Кобори — Аяно Шимицумен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда 6:4 есебі тіркелді. Қазақстандық-словениялық жұп екінші сетте де қарқынын төмендеткен жоқ — 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде Құламбаева — Эрьявец 11 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Жапониялық дуэт 3 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Осылайша, Ж.Құламбаева жұптық сында WTA жарысында алғаш рет чемпион болды. Ол бұған дейін жұптық сында ITF додаларында 35 рет топ жарған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Қытайдағы жарыста чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған едік.