Жібек Құламбаева Италиядағы жарыстың финалына шығу үшін таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Парма (Италия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.
Қазақстандық теннисші аргентиналық Николь Фосса Уэргомен бірге ширек финалда франциялық Эстель Кашино — қытайлық Шуо Фэннің меселін қайырды.
Бірінші партияда тай-брейкте Жібек пен Николь сәтті ойнады — 7:6 (7:2).
Екінші сетте франциялық-қытайлық дуэт есе қайырды — 6:2.
Супер тай-брейкте Құламбаева — Фосса Уэрго басымдылық танытты — 10:5.
Бір сағат 56 минутқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық-аргентиналық жұп 4 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Кашино — Фэн 1 эйс, 5 брейкпен (7 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жібек Құламбаева — Николь Фосса Уэрго финалға шығу үшін италиялықтар Марта Ломбардини — Федерика Ургеси немесе ұлыбританиялық Маделин Брукс — франциялық Эликсан Лечемия жұптарының қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Франциядағы жарысты сәтті бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Париж турнирінің ширек финалына шықты.