Жібек Құламбаева Пармада сенсация жасап, жартылай финалға өтті
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Парма (Италия) челленджер турнирінің жартылай финалына шықты.

Ж.Құламбаева жергілікті спортшы Николь Фосса-Уэргомен бірге ширек финалда жарыстың 1-ракеткалары, қазақстандық-италиялық жұп Анна Данилина – Анжелика Морателлиге тап келді.
Матчтың фавориттері болып А.Данилина мен А.Морателли саналғанымен, ойын Ж.Құламбаева мен Н.Фосса-Уэргоның пайдасына аяқталды – 6:4, 6:4.
Анна Данилинаның жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы екендігі белгілі.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Құламбаева – Фосса-Уэрго эйс жасамағанымен, 8 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Данилина – Морателли 3 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Жібек Құламбаева – Николь Фосса-Уэргоның жартылай финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Қазақстанның екінші, әлемнің 29-ракеткасы Юлия Путинцева жекелей сында жартылай финалға шыға алған жоқ. Ол ширек финалда рейтингіде 64-орындағы мысырлық Майар Шерифпен матчқа қатысудан бас тартты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Италиядағы жарыста Данилина мен Құламбаеваның жартылай финал жолдамасын сарапқа салатынын жазған едік.