Жібек Құламбаева Португалиядағы жарысты сәтті бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 332-ракеткасы Жібек Құламбаева Лозадағы (Португалия) ITF W35 турнирін сәтті бастады.

Аталмыш жарыс екі апта қатарынан ұйымдастырылып жатыр. Өткен аптада Жібек жұптық сында жеңімпаз атанған еді. Ал жекелей сында екінші айналымда германиялық Катарина Хобгарскиге жол берді.
Бұл жолы қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 494-орында тұрған испаниялық Кристина Диаз Адровермен өткізді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта Құламбаева қарсыласының мысын баса алды – 6:1, 7:5.
Жібек Құламбаева ширек финалға шығу үшін әлемнің – 274, осы доданың 7-ракеткасы, аустралиялық Тина Смитпен таласады. Ол рейтингіде 366-сатыдағы франциялық Джули Белграверді жарыс жолынан оңай тайдырды – 6:1, 6:3.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Португалиядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.