Жібек Құламбаева Сербиядағы теннис турнирінде үздік шықты

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық теннисші, әлемнің 306-ракеткасы Жібек Құламбаева Курсумлийска Баня (Сербия) ITF W15 турнирінің чемпионы атанды. 

жібек құламбаева
Фото: ktf.kz

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген Ж.Құламбаева шешуші бәсекеде дүниежүзілік рейтингіде 751-орында тұрған сербиялық Драганья Вуковичпен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Бірінші сетте Жібек 2:0 есебімен алға шыққанымен, корт иесі таразы басын теңестірді – 2:2. Дегенмен Құламбаева тағы бір брейк жасап, сетке доп бергенде, мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Екінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Жібек брейк жасай алды. Алайда содан кейін үш матчболын пайдалана алмады. Тай-брейкте сербиялық спортшы 3:0 есебімен алға шыққанымен, Құламбаева бесінші матчболын өз есебіне жазды – 7:6 (7:5).

Тартысты өткен финалдық матч 2 сағатқа созылды. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы турнирде чемпиондық атақ үшін таласатынын жазған едік.

Сондай-ақ Анна Данилина Ұлыбританиядағы жарыста топ жарды.

Соңғы жаңалықтар