Жібек Құламбаева Сербиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды
ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 337-ракеткасы Жібек Құламбаева Сербияда өтіп жатқан ITF W75 турнирінің ширек финалына шықты.

Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген Құламбаева алдымен рейтингіде 480-орындағы корт иесі Аня Станковичті қапы қалдырды – 6:3, 6:2.
Қазақстандық теннисші 1/8 финалда рейтингіде өзінен үш саты жоғары тұрған түркиялық Айла Ақсумен тартысты матч өткізді. Бірінші партияда Жібек қарсыласына дес берген жоқ – 6:2. Екінші сетте бірден брейк жасап, алға шыққанымен, басымдылықты ұстап тұра алмады - 3:6. Дегенмен шешуші, үшінші сетте Құламбаева ойын тізгінін уысынан шығармады – 6:2. Бәсеке екі сағатқа жуық уақытқа созылды.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 369-орындағы Мальта өкілі Франческа Курмимен шеберлік таластырады. Қазақстандық теннисші қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 329-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Страсбург жарысының жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.