Жібек Құламбаева Сербиядағы жарыстың ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 309-ракеткасы Жібек Құламбаева Куршумлия-Баня (Сербия) ITF W35 турнирінің ширек финалына шықты.

Жарыстың 4-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 487-орында тұрған беларусьтық Юлия Готовконың мысын басты.
Сағат жарымға созылған кездесуде Жібек 6:4, 6:0 есебімен жеңіске жетті.
Жібек Құламбаева жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 497-сатыдағы ресейлік Арина Булатовамен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 346-ракеткасы, сербиялық Наталия Сеничті сүріндірді – 2:6, 6:1, 6:0.
Ж.Құламбаева қазір WTA Live рейтингісінде 305-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Рыбакинаның үшінші айналымда 2017 жылғы чемпионмен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Ролан Гарроста Александр Бублик сенсация жасап, алғаш рет үшінші айналымға өтті.
Сондай-ақ Юлия Путинцева екінші жеңісіне қол жеткізді.