Жібек Құламбаева Сербиядағы жарыстың жартылай финалына шықты

ОРАЛ. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 337-ракеткасы Жібек Құламбаева Сербияда өтіп жатқан ITF W75 турнирінің жартылай финалына өтті. 

Жібек Құламбаева
Фото: ҚТФ

Жүлде қоры 60 мың долларға бағаланған жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда рейтингіде 369-орындағы мальталық Франческа Курмиден айласын асырды.

Бірінші партияда Жібек 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде Курми қарымта қайырды – 6:2. Үшінші, шешуші сетте Құламбаева сәтті ойнады – 6:2. 

Тартысты бәсеке 2 сағат 14 минутқа созылды.

Жібек финалға шығу үшін әлемнің 242-ракеткасы, ресейлік Алина Чараева немесе рейтингіде 282-сатыдағы болгариялық Лия Каратанчеваның қай жеңгенімен таласады.

Ж.Құламбаева сонымен қатар жұптық сында ұлыбританиялық Фрея Кристимен бірге сәтті өнер көрсетіп жатыр. Екеуі бүгін ресейлік Анастасия Тихонова – ұлыбританиялық Эден Сильваны жеңсе, финалға шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Сербиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар