Жібек Құламбаева Тунистегі турнирдің жартылай финалына өтті

жібек құламбаева
Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық, әлемнің 492-ракеткасы Жібек Құламбаева Хаммамет (Тунис) ITF W35 турнирінің жартылай финалына өтті.

Қазақстандық теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингіде 1351-орында тұрған франциялық Эмма Маззониді ойсырата ұтты – 6:0, 6:2.

Жібек екінші айналымда әлемнің 362-інші, осы жарыстың 4-ракеткасы, швейцариялық Сюзан Бандеччиді аса тартысты бәсекеде 6:3, 1:6, 7:6 (7:4) есебімен жолдан тайдырды. 

Құламбаеваның ширек финалдағы кездесуі де оңайға түскен жоқ. Бұл жолы ол рейтингіде 753-сатыдағы ресейлік Диана Демидованы тізе бүктірді – 7:6 (8:6), 6:4.

Жібек Құламбаева финалға шығу үшін әлемнің 790-ракеткасы, жапониялық Икуми Ямадзакимен таласады. 

Тағы бір қазақстандық Анна Данилина жұптық сында эстониялық Ингрид Нилмен бірге Лерида (Испания) челленджер турнирінің финалына шыға алмады. Олар жарыстың 1-ракеткалары, аустралиялық Эллен Перес – америкалық Николь Меличарға тартысты матчта есе жіберді – 2:6, 6:4, 10:12. 

Қазақстанның ерлер арасында екінші, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко Экс-Ан-Прованс (Франция) челленджер додасының екінші айналымда рейтингіде 136-орындағы аргентиналық Факундо Баньистен жеңіліс тапты – 3:6, 6:1, 3:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Мадрид турнирінің финалынан тыс қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар