Жібек Құламбаева Үндістандағы жарысты жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші, әлемнің 469-ракеткасы Жібек Құламбаева жекелей сында Ченнай (Үндістан) WTA 250 турнирі іріктеу сайысының финалына шықты.
Жібек іріктеу сайысының жартылай финалында әлемнің 353-ракеткасы, украиналық, 19 жастағы Елизавета Котлярды сынап көрді.
Бірінші партияда Құламбаева 6:2 есебімен басымдылық танытты. Ол екінші сетте де сол қарқынынан жаңыла қойған жоқ — 6:3.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсекеде Жібек эйс жасамағанымен, 13 брейк-пойнттың жетеуінде мүлт кеткен жоқ. Котляр 1 эйс, 3 брейкпен (4 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Жібек Құламбаева іріктеудің финалында әлемнің 257-ракеткасы, жапониялық Мэй Ямагутимен шеберлік байқасады. Оны жеңсе, 2-8 қараша аралығында өтетін негізгі жарысқа жолдама алады.
Жібек Құламбаева Ченнай додасында жұптық сында да өнер көрсетеді.
Жібек жұптық сында осы аптада Қытайдағы Гуанчжоу WTA 250 турнирінің жартылай финалына дейін жеткен еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның жарақатына байланысты Токио турнирінің жартылай финалынан тыс қалғанын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Қытайдағы жарыстың финалына бір қадам жетпей тоқтады.