Жібек Құламбаева жұптық сында Қытайдағы жарыстың финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева жұптық сында Баотоу (Қытай) ITF W50 турнирінің финалына жолдама алды.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ресейлік Екатерина Рейнгольдпен бірге жартылай финалда қытайлық Жангсу Хан – америкалық Эми Жуды сынап көрді.
Тартыстылау өрбіген бірінші сет 7:5 есебімен қазақстандық-ресейлік жұптың пайдасына шешілді. Олар екінші партияда айқын басымдылық танытты – 6:1.
Бір сағат 8 минутқа созылған бәсекеде Құламбаева – Рейнгольд 3 эйспен бірге 5 брейкке қол жеткізді.
Жібек Құламбаева – Екатерина Рейнгольд финалда италиялық Дилетта Черубини – қытайлық Ченги Юань және корт иелері Мэйки Го – Цзин-Цзин Лу жұптарының қай жеңгенімен бас жүлдені сарапқа салады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аружан Сағындықованың Мысырдағы жарыстың ширек финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.