Жеке меншік діни мектептер пайда болып жатқаны туралы мәлімет шындыққа жанаспайды - министр

АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында белгілі әлеуметтанушы Талғат Жақияновтың елде жеке меншік діни мектептер пайда болып жатқаны туралы мәліметін теріске шығарды.

министрлер
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Президент жанындағы Мемлекеттік қызмет академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры Талғат Жақиянов You Tube арналардың біріне берген сұхбатында елдегі жеке меншік мектептердің кейбірі діни сипат алып бара жатқанын, тіпті кейбір жеке меншік балабақшалардың балаларға діни контент сіңіріп жатқанын мәлім етті. Сіздің одан хабарыңыз бар ма? Ақпаратты растайсыз ба? - деп сұрады журналист.

Министрдің сөзінше, мұндай тенденцияға заң жол бермейді.

- Жалпы заң бойынша ешқандай белгіленген стандарттың шеңберінен тыс, өз бетінше заң бұзуға мүмкіндік берілмеген. Сондықтан жергілікті орындардағы сапаны қамтамасыз ететін департаменттер үнемі, жиі бақылап отырады. Заң бұзу болған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды. Тағы қайталап айтайын, егер осы заңға бағынбау фактілерін қоғам, журналистер анықтаған жағдайда ресми мәліметін берсеңіздер, біз тиісті шара қолданып, заң шеңберінде жұмыс істетуге барлық мүмкіндікті қарастырамыз, - деді министр.

Сондай-ақ, ол әлеуметтанушының мәлімдемесін теріске шығарды.

- Ол кісінің мәлімдемесін естідім. Бірақ бізде көп жағдайда ақпаратты қарап отырамыз, шындыққа жанаспайтын ақпарат өте көп. Бұл бізді алаңдатады. Өйткені көп жағдайда адамдар өзінің көзқарасын айта салады. Ол кейін нақты сәйкес келмей жатады. Ол ақпарат шындыққа жанаспайды. Егер шындыққа жанасса, ол кісі нақты қай мектепте екені туралы ақпарат берсін. Тиісті шара қабылдаймыз, - деді Ғани Бейсембаев.

Ресми мәлімет бойынша, жеке меншік мектептер бір жылда 185 млрд теңгенің тапсырысын алған. 

Соңғы жаңалықтар