Жеке меншік мектептер бір жылда 185 млрд теңгенің тапсырысын алған

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігіндегілер Kazinform сауалына жолдаған жауабында жеке меншік мектептерге жыл сайын қанша қаржы бөлінетінін айтты.

Жеке меншік мектептер бір жылда 185 млрд теңгенің тапсырысын алған
Фото: ШҚО әкімдігінен

— Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, 2024-2025 оқу жылында елімізде 555 мыңнан астам оқушыға арналған 853 жекеменшік орта білім беру ұйымы тіркелген. Онда 22 мыңнан астам педагог еңбек етеді, — деп жазады министрлік мамандары.

Былтыр бұл мектептерге жан басына шаққандағы білім беру тапсырысы аясында 185 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

— 2024 жылы 185,2 млрд теңге көлемінде қаржы бағытталды. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап жекеменшік орта білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға арналған республикалық бюджет шығыстары жергілікті бюджеттерге берілді, — делінген ведомство жауабында.

Еске салсақ, Үкімет отырысынан кейін өтетін баспасөз мәслихаттарының бірінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жеке меншік мектептердің үлесі 5 пайызға дейін кемуі мүмкін деген болжам айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар