Жекеменшік мектептердегі мәселе қарастырылып жатыр – Ғани Бейсембаев

АСТАНА. KAZINFORM – Жекеменшік мектептердегі кемшіліктерді жоюға қатысты тиісті ережені қабылдау жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлім етті.

Ғани Бейсембаев мектептің беделі үшін оқушыны колледжге ауысуға мәжбүрлейтіндерді анықтауды тапсырды
Фото: primeminister.kz

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін тілшілер «жекеменшік мектептерді қаржыландыру неге кешігіп жатыр?» деген сұрақ қойылды.

- Жекеменшік мектептерді қаржыландыру кешігіп жатқан жоқ. Барлығы берілді. Қазір тек 2-3 өңірде ғана ақшаны берудегі процестерде жекеменшік мектептердің актіні өткізуге қатысты кідіруі бар екені баяндалды, - деді Ғ.Бейсембаев.

Сонымен қатар «егер жекеменшік мектепте 200 баладан кем болса, олар жабылады деген ақпарат рас па?» деп сұрады тілшілер.

- Соңғы кезде мемлекеттің қолдауының арқасында 20-30 бала жинап алып, ешқандай инвестиция салмай жұмыс істеп жатқандары бар. Негізгі идея – жеке инвестиция арқылы мектеп салу, инфрақұрылымды дамыту. Байқап отырсақ, 60-70 пайызында инвестиция құйылмаған, мектеп салынбаған, яғни лайықтап алған ғимаратта оқытып отыр. Бұл тұрғыда ата-аналарды алдамай, сапалы білім беру керек. Сондықтан осы бағытта тәртіпке келтіретін мәселе бар. 200 бала дегеніміз, 8 сынып жиынтығын құрайды. Ал мектеп 1-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқытса, «оқушылар саны толық па?» деген сұрақ туындайды. Жалпы, қазір жекеменшік мектептердегі мәселені қарастырып жатырмыз, - деді министр.

Еске салсақ, биыл мамыр айында жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру қағидаларына өзгеріс енгізілетіні мәлім болды

Соңғы жаңалықтар