Жекеменшік мектептердің тағдырын жергілікті мәслихаттар шешетін болды
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттің жекеменшік мектептер алдындағы субсидия қарызы қанша екенін айтудан жалтарып отыр. Ведомство Kazinform-ның екі рет қайталап сауал жіберсе де толыққанды жауап бермеді.

Kazinform редакциясы министрлікке мемлекет жекеменшік мектептердің алдында қанша субсидия қарыз екенін нақтылау үшін бірнеше сауал жолдаған.
Соның ішінде тек жекеменшік мектептердің мұғалімдер алдындағы айлық қарызы қалай өтелетіні туралы сұраққа ғана ішінара жауап берілген.
- Қазіргі уақытта жекеменшік мектептер желісінің кеңеюіне және оқушылар санының артуына байланысты қосымша қаржыландыру қажеттілігі туындады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне сәйкес, аталған қосымша қажеттілік жергілікті бюджет қаражаты есебінен жабылуы қажет. Осы орайда аталған мәселені биылғы жылдың екінші жартысында мәслихаттың кезекті сессиясына шығару жоспарланып отыр. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, жекеменшік мектептерді қаржыландыру мәселесі министрлік басшылығының тұрақты бақылауында екенін хабарлаймыз, - деп жазылған жауапта.
Ал басқа сұрақтарға жауап берілмеген.
Атайп өтсек, QazBilim орталығының негізін қалаушы Аятжан Ахметжан 2023 жылдан бері жекеменшік мектептерге төленетін субсидия кешігіп төленіп жатқанын, салдарынан биылдың өзінде 20 мектеп жабылып қалғанын айтып жүр. Ол мектептерде білім алып келген жүздеген оқушы түгел мемлекеттік мектепке орналастырылды ма? Ал жұмыссыз қалған педагогтердің бәрі 100 пайыз мамандығы бойынша жұмыс тапты ма? Министрлік бұл сұрақтарды жауапсыз қалдырған.
Оқу жылы аяқталған 25 мамыр күні Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті әкімдіктердің мойнында жекеменшік мектептердің алдындағы субсидия қарызы неше теңге болды? Қазір жекеменшік мектептердің өз қызметкерлерінің алдындағы еңбекақы қарызы неше теңге? Аталған еңбекақы қарыздары неше жеке меншікке тиесілі? Бұл сұрақтарға да министрліктен жауап болмады.
Айта кету керек, Қазақстанда мектеп тапшылығын шешудің қосымша тетігі ретінде жекеменшік мектептерге жан басына шағып қаржыландыру арқылы мемлекеттік білім беру тапсырысын орындауға рұқсат берілген. Кейінгі жылдары осы тетік арқылы жұмыс істейтін жекеменшік мектептер мемтапсырыс аясында атқарған жұмыстарының ақысын толық көлемде ала алмай, педагогтердің алдында еңбекақы қарызына ұшырай бастады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихаттарының бірінде жеке меншік мектептер неге жабыла бастағанын мәлім еткен еді.