Жекешелендіруге берілетін объекті иелеріне қандай талаптар қойылады

АСТАНА. KAZINFORM – Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров жекешелендіруге жататын объектілердің тізімі жасалып жатқанын мәлімдеді. Толық тізім шілденің соңына дейін дайын болады. 

Жекешелендіруге берілетін объекті иелеріне қандай талаптар қойылады
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Егер әлеуметтік нысан болса, оның иесі 5-7 жылға дейін бейіндік бағытын өзгертуге құқығы жоқ. Мысалы, мектеп болса, демек оның қызметтік бағытын өзгертуге болмайды, керісінше инвестиция құйып, жөндеу жүргізіп, жұмысты жалғастыруы керек», - деді Марат Омаров БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, 3 жылға арналған жекешелендіру бағдарламасы кезең-кезеңмен жүргізіледі. 

«Жыл соңына дейін жекешелендіруге жататын активтерге (объектілер) қатысты шешім қабылданады. Ал келесі жылдан бастап инвесторлардың қызығушылығына сәйкес, жүзеге асырыла бастайды. Стратегиялық объектілер, ерекше жандарға және әлеуметтік осал топқа арналған сол сияқты мемлекеттің бақылауы мен қатысуын талап ететін басқа да әлеуметтік нысандар жекеге берілмейді. Оның қатарында кейбір денсаулық сақтау нысандары да бар», - дейді агенттік басшысы. 

Жекешелендіруге берілетін объекті иелеріне қандай талаптар қойылады
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде жекешелендіруге арналған сайт іске қосылады. Бүгінде елімізде әлеуметтік басқа да объектілерді жекешелендірудің методологиясы, тәсілдері мен механизмдерін қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, бүгін Астанада жекешелендіру жөніндегі ұлттық кеңсенің алғашқы отырысы өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік және квазимемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.

Соңғы жаңалықтар