Желтоқсан оқиғасына қатысқан ақтөбеліктер 35 жылдан кейін қоғамдық ұйым құрды – Жанар Омар

Желтоқсан оқиғасының куәгері, Ақтөбе орта мектебінің мұғалімі Жанар Омар өз замандастарының басын біріктіріп, «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігін құрды. Қазір оған 160 адам мүше. Арада 35 жыл өткенде құрылған қоғамдық бірлестік ұсынысымен кітап шығарылып, Ақтөбе қаласында көшеге Желтоқсан батырлары атауы берілді. Енді монумент орнатып, сквер салу жоспарда бар, деп хабарлайды Kazinform.

Жанар Омар
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

- Желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдар өзін айшықтап көрсетіп, өткен күнді көп еске ала бермейді. Ал сіз ақтөбеліктердің басын қосып, қоғамдық бірлестік құрдыңыз. Бір ортаға жиюға не түрткі болды?

- Бұл үнемі ойда жүрген іс еді. Желтоқсан оқиғасы туралы айтылып, бір кездері бәрі бәсеңдеп қалды. «Далада қалдық-ау» деген күдік те болғанын жасырмаймын. Кейін алматылықтар «Біздің ұйымға қосыласыз ба?» деп ұсыныс айтты. Бірақ бұл көңілге қонбады. Менің жолдасым сол кезде ветеринария институтында оқыған. Достары «Ақтөбеде жоқ па?» деп сұрап, таңқалған. Сол бізге түркі болды. Алғашында қиындықтар кезікті. Алдымен «Желтоқсан» деген чатты ашып, таныстарымызды қоса бастадық. Сөйтіп 60 адам жиналдық. Қазір 160-қа жетті. Заңды түрде тіркеу үшін Ақтөбе облыстық Әділет департаментіне барып, құжаттарымды дайындадым. Жарғысы жазылып, қоғамдық бірлестік аты ойластырылды. «Желтоқсан алауына» тоқталып, қабылданды. Барлығы 10 құрылтайшы бар. Оңай болмады құжат тіркеу. Облыстық Әділет департаменті мен халыққа қызмет көрсету орталығының арасын жол қылып жүрдім. Қоғамдық ұйым 2021 жылы 6 қыркүйекте тіркелді.

- Желтоқсан оқиғасына қатысқан ақтөбеліктердің басы біріккен соң қандай жұмыс атқарылды?

- Әрқайсысына хабарласып, өмірбаяны жинақталды. Сонымен бірге Желтоқсан оқиғасынан естеліктері жазылды. Қоғамдық ұйым туралы Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасына хабар берілді. «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігінің аудандардағы өкілі де сайланды. Қазір Мұғалжар, Ырғыз, Ойыл, Шалқар, Мәртөк аудандарында жауапты адамдарымыз бар. Біздің мақсатымыз – жан-жақта тарыдай шашылып жүрген желтоқсаншыларды жинап, мәлімет алу. Олардың әлеуметтік жағдайын біліп, оны билікке жеткізуді көздейміз. Ал бастысы – жастарға патриоттық тәрбие беру.

- Талдау жасалды ма?

- Желтоқсан оқиғасына қатысқандардың көбі сол кезде студент болды. Олардың басым бөлігі қазір өзі білім алған мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр. Ал оқудан шығып қалғаны, қудаланғаны өзге оқуға түсіп, өзге жолды таңдаған. Қатты соққы алып, мүгедек болып қалғаны да арамыздан табылады.

- «Желтоқсан алауы» қоғамдық бірлестігі бірнеше ұсыныс айтты. Орындалып жатыр ма?

- Былтыр облыс әкімімен кездестік. Көптеген ұсыныс айтылды. Бұл өңірдегі бірінші ресми кездесу болды. Біріншіден, Желтоқсан оқиғасына қатысқан адамдардың әлеуметтік жағдайы айтылды. «Тағзым» атты кітабын шығарғымыз келді. Онда ақтөбеліктердің өмірбаяны мен бастан өткерген оқиғасы жинақталды. Ұсынысымыз бойынша көшелердің біріне Желтоқсан батырлары атауы берілді. Енді сол аумаққа монумент орнатып, сквер салуды көздеп отырмыз. Сонымен бірге Триатлон саябағына шырша ектік. Соны 86 түпке жеткіземіз.

- Арада 35 жыл өткенде бас біріктірдіңіз. Көп уақыт емес пе?

- 35 жыл көп уақыт. Бірақ біз ұзақ жыл бойы қорқынышпен өмір сүрдік.

Жанар Омар
Фото: Ж. Омардың жеке мұрағатынан

- 1986 жылы не көрдіңіз? Өз өмір жолыңызды айтып берсеңіз...

- Ол күні біз сабаққа бардық. Мен Абай атындағы ұлттық педагогикалық институтта оқыдым. 1986 жылы екінші курс студенті едім. Орыс тілі сабағы болды. «Қонаевты орнынан алып тастап, Ресейдің алыс жерінен Колбинді әкеліпті» дегенде, «Бұл қалай?» деген ойға қалдық. Оқытушы кіріп келіп, «даурықпаңдар» деп басып тастады. Ол кезде телефон жоқ, ешкіммен хабарласа алмайсың. Сабақтан шыққан соң жатақханаға келдік. Сабақ оқып, ұйықтар кезде тереземіздің түбінен екі жігіт күңіреніп, «Ау, қазақ емессіңдер ма? Не істеп жатсыңдар?» деп айтты. Жүрегіңді езіп жіберді дауыс. Қыздар жиналды, жатақхананың бірінші қабатына түстік. Ол жерде деканымыз отыр. Ешкімді шығармады, кіргізбеді. Кері қайтып, бөлмеге оралдық. Жігіттер екінші қабаттың терезесінен секіруге ұсыныс тастап, бәріміз далаға шықтық. Біраз адам жиналып, алаңға жаяу бардық. «Менің Қазақстаным» әнін орындап жүрдік. Ойымызда еш жамандық болмады. Тек алаңға жиналып, қарсылығымызды білдіруді көздедік. Алаңға жеткенде адамның көп екенін көрдік. Өте суық болды, аяз күшейді. Тоңған кезде адамдар бауырмал болады екен. Жігіттер алаңға ағаш жағып, жылынуға мүмкіндік жасады. Өздері бізді қоршап, қорғап тұрды. Көп адам шығып, «тараңдар, бұзық болмаңдар» деп айтты. Оған қарсылық білдіріп, қар лақтырды жастар. Сосын Қонаевтың шығып, өзі айтқанын талап етті көбі. «Әр елдің басшысы өз жерінен болсын» деген қанатты сөз жазылған плакаттар көтерілді. «Басқа емес, өз еліміздің адамы болсын» деген талап орындалмаған соң күшпен басты. Өрт сөндіру көліктері болды. Бір байқағаным, бір топ тараса, екінші топ алмасады алаңда.

Жанар Омар
Фото: Ж. Омардың жеке мұрағатынан

- Кейін жағдай қалай болды?

- Кейін бізді оқу ғимаратына автобуспен апарып, әкелді. Полиция күзетімен жүрдік. Бір байқағаным, үлкен прожектор болды. Біз «телевизорға түсіріп жатыр» деп сол жарыққа қарай ұмтылатынбыз. Ол видео емес, фото екен. Кейін сол бойынша іздеді. Архивтерді қарап, тапсам деймін. Қорыққаннан сол күні киген киімдерімізді тығып тастадық. 3-4 күннен соң түрлі әңгіме тарады. Ұсталғандар мен қамауға алынғандар белгілі бола бастады. Апа-жездемді уайымдап, жанымыздағы жатақханаға бардық. Олар аман-есен екен, тек алаңға шықпай, қуыс-қуыспен кері қайтуды ескертті. Біз жаспыз, алаңға қарай бет алдық. Қолында қаруы бар әскери адамдар жүрді. Олар қуды, біз қашып құтылдық. Құлағандарын ұстап, көлікке тиеп алып кетті. Бір аптадан соң Ұлттық қауіпсіздік қызметінен келіп, сұрақ қойды. Бір-бірімізге қарауға рұқсат бермей, жауап алды. Оқудан шығамыз деп қорқып жүргенде олар оралмады. Қазір «ақталғандар» деген бір топ бар. Ал өзгесі есепке алынбайды. Сондықтан бәрімізге бірдей «Желтоқсан ардагері» статусын берсе дейміз.

- Желтоқсан оқиғасының куәгерлерімен кездесу өтеді, көп әңгіме айтылады. Оқушыларды немесе студенттерді не қызықтырады?

- Көп ел бізді құрметтейді. Себебі, сол уақытта қазақ жастары бірігіп, қарсылық білдірді, нәтижесінде олар да тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік алған соң ана тіліміз қайта оралды. Елтаңбамыз, туымыз, әнұранымыз бар. Төл теңгеміз айналымға енді. Қазір кейбір балалар үзілісте орысша сөйлейді. Оларға ескерту жасап, ана тілімізді қорғаудың маңызын түсіндіремін. Патриот дегеніміз – еліңді, жеріңді сүю. Бәрі отбасынан, мектептен басталады. Осы жердің әрбір құралын ұқыпты ұстап, жақсы көрсең бәрі өмірлік дағдыға айналады. Табиғатты аялап, жан-жағына қамқор болу керек. Үнемі тәуелсіздікті бағалауға үндеймін.

- Әңгімеңізге рахмет.

Соңғы жаңалықтар