Жемқорлық туралы хабарлаған ақтөбеліктер сыйақы алды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Екі жылда 13 ақтөбелік жемқорлық фактісі туралы хабарлап, сыйақы алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбеліктер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментіне жемқорлық дерегінің ауыр қылмыс санатына жататын деректері туралы хабар берген. Екі жылда 13 адам 2,2 миллион теңге сыйақы алды.
«Сыбайлас жемқорлық туралы әкімшілік істер бойынша 30 АЕК, онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 40 АЕК, ауырлығы орташа қылмыстық істер бойынша 50 АЕК, ауыр қылмыстық істер бойынша 70 АЕК және аса ауыр қылмыстар бойынша 100 АЕК мөлшеріндегі сыйақы қарастырылған. Біржолғы ақшалай сыйақы берілуі үшін азамат берген ақпарат шындыққа сәйкес келуі тиіс. Бұдан басқа соттың әкімшілік жаза қолдану туралы қаулысы сұралады. Қылмыстық іс бойынша айыптау үкімі заңды күшіне енуі де міндетті. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет азаматтарды барынша қырағы болуға, «1424» нөмірі бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін республикалық Call-орталыққа жүгінуге үндейді. Сонымен қатар, азаматтар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға қатысты кез келген кеңесті ала алады», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің баспасөз қызметі.