Женевада АҚШ пен Иран арасындағы ядролық келіссөздердің екінші раунды аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM - Женева қаласында АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаға қатысты жанама келіссөздердің екінші раунды қорытындыланды. Тараптар ықтимал келісімнің негізгі параметрлері бойынша ортақ түсінікке келгенімен, мәмілені жақын арада бекіту туралы әңгіме қозғалған жоқ. Бұл туралы агенттіктің меншікті тілшісі хабарлады.
Келіссөздер Оманның араағайындығымен Женева қаласында өтті. Кездесу аяқталғаннан кейін делегациялардың кортеждері Оманның БҰҰ жанындағы елшісінің резиденциясындағы келіссөз өткен жерден шықты.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Арагчи кездесуден кейін тараптар алдағы жұмыстың негізіне айналатын негізгі «бағдар беруші қағидаттар» бойынша ортақ мәмілеге келгенін мәлімдеді.
— Әртүрлі идеялар ұсынылды, олар жан-жақты талқыланды. Соның нәтижесінде бірқатар жетекші ұстанымдар бойынша ортақ келісімге келдік. Енді осы негізде алға жылжып, ықтимал келісім мәтінімен жұмыс істеуге кірісеміз, — деді ол ирандық БАҚ-қа.
Speaking in a press conference about the 2nd round of Iran-US indirect talks, FM @araghchi said: Good progress was made compared to the previous session, and this round had a more constructive atmosphere.
— IRNA News Agency ☫ (@IrnaEnglish) February 17, 2026
Министрдің айтуынша, құжат жобаларымен алмасқаннан кейін тараптар келіссөздердің үшінші раундының мерзімін айқындайды. Арагчи диалогты «конструктивті» деп бағалай отырып, қол жеткізілген жетістіктер мәміле тез арада жасалады дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Тараптардың ұстанымы
Тегеран келіссөздер тек ядролық бағдарлама мен АҚШ санкцияларын алып тастау мәселелерін қамтуы тиіс деп есептейді. Иран тарапы бұған дейін уран байытудан толық бас тартпайтынын және зымыран бағдарламасын талқылауға дайын емес екенін бірнеше рет мәлімдеген.

Вашингтон керісінше, келіссөздердің күн тәртібін кеңейтуге, соның ішінде зымыран әзірлемелері мен Иранның аймақтық белсенділігі мәселелерін енгізуге мүдделі екенін білдіріп келеді.
FM @araghchi was consulting with Tehran (image from earlier today in Geneva) pic.twitter.com/aw5Us1juKk
— Tehran Times (@TehranTimes79) February 17, 2026
АҚШ президенті Дональд Трамп келіссөз үдерісіне жанама түрде қатысып отырғанын айтып, Тегеранның келісімге қол жеткізуге мүдделі екеніне сенім білдірді.
— Менің ойымша, олар келісім болмай қалған жағдайда орын алуы мүмкін жағдайды қаламайды. Біз олардың ядролық әлеуетіне соққы беру үшін B-2 ұшақтарын жібергеннен көрі келісім жасаған дұрыс деп есептейміз, — деді ол Air Force One бортында журналистерге.
Ақ үй әзірге келіссөз қорытындысына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.
Әскери қатерлер аясындағы диалог
Келіссөздер АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскер санын көбейтіп жатқан кезіне дөп келді. Аймақта америкалық авиатасымалдаушы соққы топтары, соның ішінде USS Abraham Lincoln авиатасымалдаушысы, сондай-ақ қосымша эсминецтер мен әскери ұшақтар орналастырылған.
Иран өз кезегінде Ислам революциясы сақшылар корпусының жаттығуларын Ормуз бұғазы аймағында өткізіп жатыр. Ирандық БАҚ маневрлер кезінде қауіпсіздік шараларына байланысты бұғаздың бір бөлігі уақытша жабылғанын хабарлады. Ормуз бұғазы әлемдік мұнай жеткізіліміндегі негізгі бағыттардың бірі саналады.
IRGC Navy Launches War Game in Hormuz Straithttps://t.co/jAfu7O2Dz0 pic.twitter.com/yVGHkGxImQ
— Tasnim News Agency (@Tasnimnews_EN) February 16, 2026
Иранның рухани көшбасшысы, аятолла Али Хаменеи АҚШ-тың елдегі билікті өзгертуге бағытталған кез келген әрекеті сәтсіздікке ұшырайтынын мәлімдеді.
— Авиатасымалдаушыдан да қауіптісі — оны теңіздің түбіне жібере алатын қару. Әлемдегі ең қуатты армияның өзі кейде орнынан тұра алмайтын соққы алуы мүмкін, — деді ол.
Алдағы қадамдар
Женевада өткен БҰҰ-ның қарусыздану жөніндегі конференциясында АҚШ-пен келіссөздерден кейін сөз сөйлеген Арагчи Иранның заңды құқықтарын қамтамасыз ететін әділ әрі орнықты шешімге қол жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа мүмкіндіктер ашылғанын айтты.
— Қоқан-лоқы жағдайында ешқандай мәселе талқыланбайды, — деп атап өтті ол.
Foreign Minister @araghchi addressing the Geneva Conference on Disarmament stressed that Iran's right to use nuclear energy is non-negotiable. pic.twitter.com/9PozbtCnXg
— IRNA News Agency ☫ (@IrnaEnglish) February 17, 2026
Сондай-ақ Арагчи АҚШ-ты Иранға қарсы күш қолдану қатерін дереу тоқтатуға шақырды.
АҚШ пен Израиль Иран ядролық қару жасауға ұмтылады деп есептейді. Ал Тегеран өз бағдарламасының бейбіт сипатта екенін алға тартып, бұл айыптауларды жоққа шығарып келеді.
Еске салайық, жанама келіссөздердің алғашқы раунды Оманда өтіп, Иран тарапы оны «жақсы бастама» ретінде бағалаған болатын.