Жеңіл есірткіге баланатын «күлкі шары» қауіпті ме
АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта жастар арасында азот тотығын, көпшілікке «күлкі тудыратын шар» атауымен танылған затты тұтыну алаңдатарлық деңгейде белең алып отыр. Мамандар үрдісті нашақорлыққа бастайтын баспалдақтың бірі деп бағалайды. Жеңіл есірткінің жолына дер кезінде тосқауыл қою неге маңызды? Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы мәселені сала мамандарымен бірге талдап көрді.
Емге арналған газдың еркін айналымы
Азот тотығы негізінен медицинада қысқа мерзімді хирургиялық ота кезінде, әсіресе босану барысында наркоз ретінде қолданылады. Ол науқасқа ешқашан таза күйінде берілмейді. Газ оттекпен араластырылып, қатаң белгіленген мөлшерде қолданылады. Алайда соңғы жылдары бұл заттың қолданылу аясы медицина шеңберінен шығып отыр. Азот тотығын шар ішіне толтырып, қысқа уақыттық эйфория алу үшін жұту жастардың әдетіне айналды. Медицина мамандарының айтуынша, газ сырт көзге зиянсыз көрінгенмен, салдары әлдеқайда күрделі.
– Ол шектен тыс қуаныш сезімін, себепсіз күлкіні тудырады, қолданғаннан кейін көңіл көтеруге деген ықылас пайда болады. Сондай-ақ мазасыздық пен ашушаңдықты басып, эйфория әсерін береді. Бірақ мұның бәрі ең көбі 10-15 минутқа ғана созылады. Сол себепті бұл күйді сақтап қалу үшін жиі қолдануға тура келеді, – деп түсіндіреді дәрігер-психотерапевт, нарколог Тоқтар Қойшыбеков.

Маманның сөзінше, алғашқы әсер алдамшы. Шын мәнінде азот тотығын жұту кезінде гипоксия, яғни мида оттегі жетіспеушілігі орын алады. Газ қанға сіңіп, қан айналымы арқылы мидың белгілі бір аймақтарына әсер етеді. Процесс ағзаның табиғи қорғаныс механизмдерін әлсіретіп, жүйке жүйесіне салмақ түсіреді.
– Оны жиі қолдану ауыр салдарға әкеледі. Бас айналу, қозғалыс үйлесімінің бұзылуы, тіпті естен тануға дейін апаруы мүмкін. Есте сақтау қабілеті әлсіреп, эмоциялық тұрақсыздық пайда болады. «Күлкі шарын» көбіне алкогольмен және басқа да психоактивті заттармен бірге қолданады, ал ол улану қаупін бірнеше есе арттырады. Мұндай тәжірибе есірткіге апаратын қауіпті баспалдаққа айналуы мүмкін, – деп ескертеді дәрігер.
Барлығын алаңдататын сұрақ: тәуелді адам қауіпті заттан бас тарта ала ма?
– Өздігінен қиын. Ең тиімді және дәлелденген жол – реабилитация. Тәуелділіктен арылу – ұзақ әрі күрделі процесс және ол көбіне жарты жылдан да артық уақыт алады, – дейді нарколог.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
АҚШ-та осы газдың кесірінен өлім-жітім алты есе артқан. Бұл деректер JAMA Network Open ғылыми журналында жарияланған зерттеуде келтірілген.
Мамандардың айтуынша, азот тотығын тұрақты түрде тұтыну ағзада В12 дәруменінің тапшылығына әкеліп, соның салдарынан қатты бас ауруы, дыбыстық галлюцинациялар, естен тану, сал ауруы және өзге де ауыр неврологиялық асқынулар туындауы мүмкін. Бұдан бөлек, жүрек қызметінің бұзылуы мен өлім қаупі жоққа шығарылмаған.
– 2010 жылы азот тотығының салдарынан өлімге әкелген уланулар өте сирек кездесетін. Алайда кейінгі 13 жыл ішінде күрт өсім байқалды. Мұндай жағдайлардың саны 2023 жылға қарай 23-тен 156-ға дейін артқан. Осы кезеңде барлығы 15 пен 74 жас аралығындағы 1240 адам қайтыс болған, – делінген мәліметте.

Ғалымдардың пікірінше, көрсеткіштің күрт өсуіне интернеттегі сатылым себеп. Өйткені психотропты дүние көптеген елде қауіпті зат ретінде бақылауға алынбаған.
Қазақстандағы ахуал да осыған ұқсас. Азот тотығы елімізде есірткі немесе психоактивті заттардың тізіміне енгізілмеген. 2023 жылы ол күшті әсер ететін зат ретінде танылғанымен, оны қолдануға заң жүзінде тыйым салынған жоқ. Мұндай шешім кәсіпкерлерге белгілі бір деңгейде еркіндік берді.
Бүгінде газ толтырылған шарларды түнгі клубтардан, сондай-ақ Telegram-арналар, Instagram және TikTok сияқты әлеуметтік желілер арқылы еш қиындықсыз табуға болады. Ал бір шардың орташа бағасының шамамен 2000 теңге болуы оны кез келген оқушы немесе студент үшін қолжетімді етеді.
Алайда Ұлыбритания 2023 жылы азот тотығын есірткі заттары қатарына қосып, заңсыз сатқандарға екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын бекіткен елдердің қатарында. Нидерланды болса, бұл газға толық тыйым салды. Көршілес Ресей мемлекеті 2021 жылы оның заңсыз айналымына толық тосқауыл қойды.
Жаңа жылдан бастап заң қатаңдайды
Мәселе биліктегілердің назарынан тыс қалған жоқ. Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев дабыл қағып, бақылауды күшейту жөнінде Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдаған болатын. Содан кейін жақында күшті әсер ететін заттардың айналымын қатаң реттеу мақсатында қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заң қабылданды. Аталған заң 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

– Келер жылдан бастап азот тотығы заң жүзінде толық бақылауға алынады. Оны заңсыз сақтау, сату және тарату енді әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке ауысады. Нақтырақ айтқанда, ҚР Қылмыстық кодексінің 301 және 303-баптары күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы мен олармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті, ал ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-1-бабы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтерін, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта қолданғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті көздейді, – деді депутат.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап құқық қорғау органдары жедел-іздестіру іс-шаралары аясында азот тотығын заңсыз пайдалану деректері бойынша мекемелерге жоспарлы тексерулер жүргізетін болады. Ал білім беру жүйесінде алдын алу шаралары айтарлықтай күшейтіледі. Мектептерде биология пәнінің базалық мазмұнына тиісті тақырыптар енгізіліп, оқушыларға газдың қауіптілігі мен денсаулыққа әсері түсіндіріледі.
Сонымен қатар «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» шеңберінде тұрақты түрде сынып сағаттары өткізіледі. Бұл сабақтарда оқушыларға азот тотығы сияқты қауіпті заттардың зияны түсіндіріледі және практикалық кеңестер беріледі. Сондай-ақ балалардың эмоционалдық және психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар да ұйымдастырылады.
Дегенмен, мамандар ата-аналарға ең бірінші балаларға көбірек көңіл бөлу керектігін ескертеді.