Жеңіс күніне орай соғыс ардагерлеріне қанша сыйақы берілді

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде Жеңіс күніне орай майдангерлерді құрметтеп, қолдау көрсету дәстүрге айналды. Жыл сайын мереке қарсаңында азайып бара жатқан ардагерлерге арнайы сыйақы бөлінеді. Биыл қай өңір отан қорғаушыларға қандай құрмет көрсеткені туралы шолу жасаған едік.

 Өзбекстандық соғыс ардагерлеріне 1600 доллар ақшалай сыйақы беріледі
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

Ақтөбе облысында көзі тірі жалғыз соғыс ардагеріне 2 млн теңге берілді

Өңірде көзі тірі жалғыз соғыс ардагері қалды. Василий Грецкийге биыл 2 140 000 теңге берілді. Жеңіс күні соғыс ардагерімен қатар тың еңбеккерлері мен соғыс ардагерлерінің жесірлеріне де әлеуметтік төлем қарастырылды. 

Ұлы Жеңіс күніне 79 жыл толуына орай Алматы облысындағы жеті ардагерге 2 млн теңгеден қаржы бөлініп, азық-түлік себеті берілді.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше сонымен қатар тылдағы еңбегі мен қызметі үшін КСРО-ның орден-медальдарымен марапатталған адамдарға, жауынгерлерге, қоршаудағы Ленинград жұмыскерлеріне, концлагерьлердің кәмелетке толмаған тұтқындарына, радиациялық апаттар мен ядролық сынақтардың құрбандары, сондай-ақ, соғыс мүгедектеріне 10-нан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлемақы төленді. 

Жеңіс күні қарсаңында ақмолалық ардагерлер 3 млн теңгеден сыйақы алды. Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, биыл өңірде Жеңістің 79 жылдығы қарсаңында соғыс ардагерлеріне төленетін бір реттік төлем сомасы ұлғайтылып отыр. Яғни, соғыс ардагерлері 3 миллион теңгеден алады. Бүгінгі таңда облыста 6 соғыс ардагері тұрады. 

Атырауда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде концлагерь тұтқынында болған кейуана тұрады. Жеңіс күні қарсаңында оған 1 млн теңге тағайындалды

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, Жеңіс күні қарсаңында 2 060 адамға біржолғы әлеуметтік көмек беру үшін 218,5 млн теңге бөлінген. 

Павлодар облысында Жеңіс күні қарсаңында 4 мыңға жуық адам біржолғы төлем алды. Майдангерлер үшін төлем өткен жылдың деңгейінде қалды. 

Бүгінде өңірде Екінші дүниежүзілік соғыстың 7 қатысушысы тұрады. Өткен жылдың көктемінде олардың саны 11 болған. 

Солтүстік Қазақстан облысында соғыс ардагерлері Жеңіс күніне орай 1,5 млн теңге көлемінде ақшалай төлем алды

Облыстық ардагерлер кеңесінің мәліметінше, өңірде тек төрт соғыс ардагері тірі қалды. Оның ішінде Валентин Волкодав 102 жасқа толды, Василий Макиенко-98 жаста, Федор Щеглов-97 жаста және Дмитрий Сергеев – 96 жаста. Олардың барлығы Петропавлда тұрады.

Облыс бойынша ардагерлерге теңестірілген санатқа жататын 3,2 мың адам бар. Олардың ішінде тыл еңбеккерлері, блокадашылар, майдангерлердің жесірлері, концлагерь тұтқындары тағы басқа. Жеңістің 79 жылдығына орай олар 18 460-тан 100 мың теңгеге дейін біржолғы төлем алды. 

Жалпы, Үкіметтің хабарлауынша, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне 9 мамырға орай жергілікті бюджеттерден біржолғы әлеуметтік көмек толық төленді. 

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде соғыс ардагерлеріне төлем жасалды. Аталған мақсатқа жергілікті бюджеттен барлығы 187 млн теңге бөлінді.

Әлеуметтік көмек көрсетудің қолданыстағы қағидаларына сәйкес 9 мамырға орай берілетін біржолғы төлемдер сомасы жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне және мәслихаттардың шешімдеріне байланысты әр облыста дербес белгіленеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынысы бойынша соңғы жылдары көптеген облыста ардагерлерге төлемдер бірыңғай мөлшерде төленеді.

Мәселен, биыл республика бойынша біржолғы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 1,5 млн теңгені құрады. Бұл ретте көптеген өңірде орташа мөлшерден жоғары сома төленді. Атап айтқанда, Ақмола облысында – 3 млн теңге, Ақтөбе облысында – 2 млн теңгеден астам. Абай, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстары мен Астана және Алматы қалаларында ІІ дүниежүзілік соғыс қатысушылары 2 млн теңгеден алды.

Қазір ел аумағында соғыс 148 ардагері тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушыларына әлеуметтік қолдаудан бөлек, ай сайын 16 АЕК (2024 жылы 59 072 теңге) мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.