Жер кезегіне тұрған қызылордалықтар негізінен аудан орталықтарында
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жер кезегіне тұрғандардың бірыңғай есебі жасалмайды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы бұл туралы мәліметті әрбір аудан, қала немесе кент әкімдіктері жеке ұсынатынын хабарлады.

Өңірде 7 аудан мен облыстық маңыздағы 1 қала бар. Ресми сұрау салу барысында белгілі болғаны, облыс бойынша кезектің көптігі жөнінен Қызылорда қаласы алда тұр.
Қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, мемлекеттен берілетін он сотықты күткендер саны 71 мыңнан асады.
Оның алды 20 жыл бұрын кезекке тұрған.
— 2005 жылы 11 163 азамат тіркелген болса, оның ішінде қалған 2 387 адамға жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Талдау нәтижесінде анықталған уақытылы әрі мақсатты түрде игерілмеген жер учаскелері заң талабына және тиісті алгоритмдерге сәйкес мемлекетке қайтарылады. Осылайша игерусіз аумақты келесі кезектегі тұрғындарға табыстау мүмкіндігі артады, — делінген хабарламада.
Ресми сауалымызға сондай-ақ Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Қармақшы ауданының әкімдіктері жауап берді.
Қазалы ауданы бойынша жер кезегіне барлығы 13 693 адам тіркелген. Оның 9969-ы Әйтеке би кентінен, 3163-і Қазалы қаласынан, 561-і Ғ.Мұратбаев ауылдық округінен. Қалған ауылдық округтер бойынша кезектілік қалыптаспаған.
Қармақшы ауданында 3 елді мекен бойынша тұрғын үй құрылысын салу мақсатында жер алу үшін 6197 адам өтініш берген.
Оның ішінде Төретам кенті (3185 адам) мен Ақай ауылында (2621 адам) 2007 жылдан бері он сотыққа қолы жетпей жүргендер бар. Жосалы кентінде 391 адамның алды 2018 жылы есепте тұр.
— Төретам кенті мен Ақай елді мекені аумағындағы жер учаскелері «Байқоңыр» ғарыш айлағы үшін Ресей Федерациясына ұзақ мерзімге жалға берілген аумақ құрамында болғандықтан өтініштерді қамту мүмкіндігі жоқ. Қызылорда облысы әкімдігі тарапынан Үкімет тапсырмасымен Төретам кенті мен Ақай ауылы есебінен Байқоңыр ғарыш кешені аумағында елді мекен жерін ұлғайту және жайылымдық жер учаскелерін қосып беру бағытында жұмыс атқарылып жатыр, — делінген Қармақшы ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Жаңақорған ауданында кезек негізінен аудан орталығында қалыптасып отыр. Қазіргі таңда Жаңақорған кентінде кезекке тұрғандар саны — 11 949 адам.
— 2015 жылғы жағдай бойынша 73 адамның тізімі әзірленіп, оның 18-і ұсынылған жер учаскесін алуға келісім беріп, құжаттандырылды. Бүгінде тізімді қайта қалыптастыру жұмыстары қолға алынды, — делінген әкімдік жауабында.
Жалағаш ауданының әкімдігі ұсынған мәліметке сүйенсек, Жалағаш кентіндегі кезек саны — 2922.
Жер кодексінің талабына сай жер пайдалану құқығы мерзімінің өтуіне байланысты 2009 жылдың басында кезекте тұрған 41 адамға жер телімі пайдалану (жалдау) құқығымен 3 жыл мерзімге табысталды.
— Қазіргі кезде 14 адам жерін көтеріп, іргетасын құйып, үй құрылысын бастады. Ал 7 тұрғын түрлі себептермен табысталған жер учаскелерін өз еркімен қайтарды, — делінген хабарламада.
Сырдария ауданында үй салу үшін 1624 адам жер телімін сұрап, өтініш білдірген. 2017 жылы аудан орталығы Тереңөзек кентінен 173 учаске ашылып, кезегімен жер берілді.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, былтыр жаңа қоныстану аймағында 373 жер учаскесін қамтитын алаң ашылды. Осы күні мамандар жер учаскелеріне құқық табыстау құжаттарын рәсімдеп жатыр.
Жер кезегі жөніндегі сауалымызға Арал және Шиелі ауданының әкімдіктері жауап берген жоқ.
Біз бұған дейін Қызылорда қаласында 2005 жылғы кезектегі азаматтардың жер алуға қызығушылығы төмен болғандықтан сол уақыттағы кезекті аяқтау мүмкін болмай отырғанын жазғанбыз.