Жер қойнауын пайдалану толық цифрландырылды: 22 мемлекеттік қызмет онлайн көрсетіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Жыл басынан бері Қазақстанда Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы толығымен іске қосылды. Онда 22 мемлекеттік қызмет цифрландырылды. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Жәннат Дүбірова айтып берді.
Спикердің айтуынша, интерактивті карта іске қосылды, электрондық аукциондар және жазылым бонустарын онлайн төлеуге арналған электрондық әмиян қызметі енгізілді.
Биыл Бірыңғай жер қойнауын пайдалану платформасы арқылы 729 лицензия берілді, төрт аукцион өткізілді, жазылым бонустары 45,4 млрд теңге болды.
— Енді жер телімін іздеу, лицензия алу және есеп беру процестері толығымен автоматтандырылды, бұл бюрократияны жойып, саланы ашық ете түседі. 2026 жылы біз геологиялық есептерді өңдеу үшін жасанды интеллектіні енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл Big Data бірыңғай базасын құруға, болжамдардың дәлдігін арттыруға және геологиялық ақпаратты инвесторлар үшін барынша қолжетімді етуге мүмкіндік береді, — деді Жәннат Дүбірова елордада Конгресс орталықта.
Вице-министр бірінші кезең өзінің тиімділігін дәлелдегенін айтуда — жүйенің прототипі жасалды және бастапқы дерекқор қалыптастырылды. Болашақта бұл шешім автоматтандырылған аналитиканы қамтамасыз етеді, болжамның дәлдігін жақсартады және геологиялық ақпаратты инвесторлар үшін ашық, түсінікті және тартымды етеді.
— Бүгінгі таңда Бірыңғай платформа мемлекеттік қызметтерден де көп нәрсені ұсынады. Биыл біз алғаш рет тау-кен және карьерлерді пайдалану ережелері бойынша онлайн есеп беруді іске қостық, ал жер қойнауын пайдаланушылар өз есептерін цифрлық форматта сәтті тапсырды, — дейді Жәннат Дүбірова.
Айта кетейік, Қазақстанда 103 пайдалы қазба мен 10 мың кен орны мемлекеттік есепке алынды. Пайдалы қазбалар қоры 98 тонна алтын, 36 мың тонна мыс, 11 млн тонна марганец және 1,3 млн тоннадан аса фосфорит көлемінде толықты.