Жер ресурстарын басқарудың салалық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Жер ресурстарын басқарудың салалық ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.
— Жайылымдық және өзге де жер деректерінің бірыңғай цифрлық базасын қалыптастыруға қатысты деректер қорын қалыптастыру және топырақ, агрохимиялық және геоботаникалық зерттеулер жүргізу функцияларын «Жерді зерттеу жөніндегі жұмыстарды жүргізу мемлекеттік институты» ШЖҚ РМК жүзеге асырады. Кәсіпорын жердің сапалық жай-күйін есепке алуды, оның ішінде оларды экономикалық бағалауды және мониторингтеуді, топырақ, геоботаникалық және агрохимиялық зерттеулер жүргізуді және топырақты бонитировкалауды жүзеге асырады. Бірыңғай ақпараттық кеңістікті қалыптастыру, кеңістіктік деректерді жинауды, сақтауды, өңдеуді және визуализациялауды қамтамасыз ету мақсатында РМК ақпараттық геопортал құрды, — деп атап өтеді Үкімет басшысы.
Оның айтуынша, геопортал интернет желісінде орналастырылған және барлық санаттағы пайдаланушы үшін онлайн-режимде ашық қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Онда ауыл шаруашылығы алқаптары, оның ішінде егістіктер, жайылымдар, шабындықтар, көпжылдық екпелер және тыңайған жерлер туралы деректер олардың түрлері бойынша егжей-тегжейлі берілген.
— Қазіргі уақытта архивтік деректерді цифрландыру және жүйелеу арқылы геопорталды топырақ және геоботаникалық зерттеу материалдарымен толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер ресурстарының жай-күйіне талдау жасауға мүмкіндік беретін топырақтың агрохимиялық көрсеткіштері бар мамандандырылған бөлім қарастырылған. Қосымша кадастрлық деректерді, инженерлік инфрақұрылым, жер қойнауын пайдалану учаскелері және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер туралы мәліметтерді интеграциялай отырып, бірыңғай цифрлық ортаны қалыптастыруды көздейтін Жер ресурстарын басқарудың салалық ақпараттық жүйесін құру бойынша дайындық жүргізіліп жатыр, — деді Олжас Бектенов.
Бұған дейін жайылымдық инфрақұрылымды дамыту жеке бағдарламасы әзірленбейтінін жазған едік.