Жер сілкінгенде Алматыдағы метро қаншалықты қауіпсіз

АСТАНА. KAZINFORM – Алматы қаласының метрополитені нысандарын жобалау және салу кезінде жолаушылар мен қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажет талаптар орындалған. Құрылыстар түрлі бағыттағы сейсмикалық толқындардың ықтимал салдарын ескере отырып жобаланған. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына жауап берген Алматы метрополитенінің баспасөз қызметі хабарлады.

метро
Фото: Александр Павский/Kazinform

«Туннельдер мен тереңдегі құрылыстардың, яғни тіреу және қоршау конструкциялары сейсмикалық толқындардың қысымына төтеп беруге арналған», - делінген Алматы қаласы метрополитені мәліметінде.

Құрылыс кезінде метро аумағының 9 балдық сейсмикалық деңгейі ескерілді. Жер сілкінгенде болатын тербеліс кезінде туннельдердің бел ортасы бойымен деформацияның алдын алу үшін бүкіл желі бойымен, сондай-ақ басқа да жерасты нысандарда сейсмикаға қарсы арнайы деформациялық жіктер қарастырылған.

Компания ақпаратына қарағанда, метро құрылыс құрылымдары мен желілердің тиісті параметрлерден ауытқуын ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған бақылау жүйесі жұмыс істеп тұр.

«Аппараттық-бағдарламалық кешенде түйісетін нысандарды өлшейтін құрылғылар, қысым датчиктері, тензометрлер, туннель төсемінің жылжуын өлшеуге арналған датчиктер, екі осьті еңіс өлшеуіші, екі нүктелі ұңғыма экстензометрі, деректерді жинау және өңдеу жүйелері қамтылған», - деп аталып өткен метрополитен ақпаратында.

Метро қызметкерлері апатты жою жоспарына қатысты тұрақты түрде оқу-жаттығуға, тәжірибелік сабақтарға қатысып тұрады. Жоспарда қызметкерлер өздерінің міндеттерін орындау барысында адам шығыны мен материалдық залал келтірмеу іс-әрекеттері қамтылған. Төтенше жағдай болғанда жолаушылар сабыр сақтап, метро қызметкерлерінің нұсқауларын орындауы керек. Жолаушылар мен қызметкерлерді шығатын жолға бағыттау үшін эвакуациялау жоспарлары мен жарықтандыратын бағыт белгілері орнатылған.

Еске салсақ, 2022 жылы Мемлекет басшысы Алматыда метрополитен желісін кеңейтуді тапсырған еді. 

Соңғы жаңалықтар