Жер сілкінісі: жер асты микродүмпулерін анықтайтын үш қосымша жылжымалы станция орнатылды
АСТАНА. KAZINFORM – ТЖМ сейсмологтары Жамбыл облысында мониторингті жалғастырып жатыр. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жамбыл облысына келген Қазақстан ТЖМ Сейсмологиялық байқау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының мамандары сейсмикалық жағдайды егжей-тегжейлі мониторингілеу мен талдауды жалғастырып жатыр.
— Сейсмологиялық станциялар желісі Меркі ауданында эпиорталық аймағында орналастырылған. Триангуляция әдісімен жұмыс істейтін үш қосымша жылжымалы станция орнатылды. Олар эпиорталықтан 30-80 км радиуста: жер қыртысының қозғалысын, жер асты микродүмпулерді және жер асты шуларды анықтайды, — делінген хабарламада.
Бұл деректер ықтимал афтершок белсенділігін егжей-тегжейлі зерттеуге және ықтимал тәуекелдерді бағалауға мүмкіндік береді.
- Жиналған деректер жедел режимде сейсмикалық жағдайды бағалау жөніндегі комиссияның талдауы мен жұмысы үшін Орталық сейсмикалық обсерваторияға беріледі. Нәтижесінде қорытынды дайындалып, Қазақстан ТЖМ Командалық орталығына жіберіледі. Бұл нақты уақыт режимінде жағдайды талдауға және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Жамбыл облысында ТЖМ СБЗҒО 9 сейсмологиялық станциясы жұмыс істейді, олардың бірі — кешенді, бірнеше параметрлерді талдау мүмкіндігі бар. Қосымша станциялар бақылау дәлдігін жақсартады және сейсмикалық белсенділіктің өзгеруіне жедел ден қоюға көмектеседі.
Қазақстан ТЖМ жағдайды бақылауда ұстап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.
Еске салсақ, жер сілкінісі бойынша 104 арыз-шағым түсіп, 17 әлеуметтік нысан бүлінген.
Айта кетелік Жамбыл облысында жер сілкінісінің салдарын бағалау жөніндегі үкіметтік топтың жұмысы жалғасып жатқанын және Үкіметтік жұмыс тобы жер сілкінісінен зақымданған нысандарды аралағаны туралы жазған едік.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматыдан 323 шақырым жерде жер сілкінісі тіркелгенін жазған болатынбыз. Есептелген қарқындылығы Меркі ауылында — 5.0 балл, Құлан ауылында — 4.0 балл, Шу қаласында — 2.0 балл шамасында болған.
Бұған дейін хабарланғандай, сейсмикалық ахуалды бақылау жөніндегі жедел штаб 24/7 тәртібінде жұмыс істеп жатыр.