Жер сілкінісінен қабырғалары жарылған мектептің оқушылары биыл да қашықтан оқи ма
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысы Іле ауданы Боралдай ауылының тұрғындары № 40 мектепте жөндеу жұмыстарының аяқталмағаынына наразылық білдірді.

Боралдай ауылы Жайнақ ықшамауданының ата-аналары облыстық білім басқармасы мен аудан әкімшілігіне шағым білдірді.
Тұрғындардың айтуынша, 2016 жылы салынған № 40 мектеп биыл ақпан айындағы жер сілкінісінен кейін жарамсыз болып қалған.
Жер дүмпуі кезінде мектеп қабырғалары жарылып, оқушылар оқу жылының жартысын онлайн оқыған.
Қазіргі уақытта айтылған мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Бұл жайтты назарға алған ата-аналар балалары жаңа оқу жылында үйден оқуға мәжбүр болуы мүмкін екенін айтады.
Бұл жағдайға байланысты жолдаған сауалымызға жауап берген Алматы облысының әкімдігі мектепте жөндеу жұмыстары басталғанымен қосымша қаржыландыру сұратылғандықтан процесс кешігіп жатқанын хабарлады.
— Жер сілкінісінен кейін № 40 мектептің қабырғаларындағы жарықтардың үлкейіп кетуіне байланысты, визуалды шолу жасалып, нәтижесі бойынша акт толтырылды. Іле ауданы әкімдігі жанынан мектептің жағдайын бағалау жөніндегі комиссия құрылды. Комиссиялық тексеру қорытындысы бойынша, мектеп оқушылары мен қызметкерлердің денсаулығына зиян тигізетіндей зақым анықталып, Іле ауданы әкімінің шешімімен ғимарат апатты деп танылды. 5 наурыздан бастап № 40 орта мектепте оқыту форматы онлайн режимде жүргізілді. Қазіргі уақытта құрылыс-жөндеу жұмыстары басталған болатын, алайда қосымша қаржыландыру сұратылғандықтан процесс кешігіп жатыр, — деп хабарлайды облыстық әкімдіктен.
Сондай-ақ Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі жаңа оқу жылы басталғанға дейін жөндеу жұмыстары аяқталмаған жағдайда 1-11 сыныптар — бас-аяғы 1906 оқушы жақын орналасқан білім мекемелеріне тасымалдап оқытылатынын мәлімдеді.
Атап айтқанда, № 17 орта мектепке — 650 оқушы, № 54 орта мектепке — 380 оқушы, № 39 гимназияға — 330 оқушы және № 42 орта мектепке 360 оқушы бөлінеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Алматы облысында биыл ақпандағы жер сілкінісінен 44 нысанда жарықшақ пайда болғанын жазған едік.
Ал Еңбекшіқазақ ауданында жаңа салынған мектептің қабырғалары жарылып кетті.
Алматыда да мектептер мен жатақханалардың ғимараты бүлінді.