Жер учаскесін бере салу қиын емес - Бердібек Сапарбаев

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында 140 мыңнан астам адам жер телімі кезегінде тұр. Жер жеткілікті, бірақ инфрақұрылым жеткізу қиын. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қала әкімінің есебінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жер учаскесін бере салу қиын емес - Бердібек Сапарбаев

Ақтөбеде жер кезегінде тұрған адамдар саны жыл өткен сайын артып барады. Аудан, қала, облыс әкімінің есеп беру кездесулеріне барған адамдар да алдымен жер учаскесін сұрайды. Қазіргі кезде облыс бойынша 140 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Бәрі электронды базаға енгізілген.

«Жер кезегіне тұрған адамдар саны жағынан Ақтөбе еліміздегі жоғары көрсеткішке жеткін өңірлердің бірі. Кезекте тұрғындарға жыл сайын 15-17 мың жер телімі беріледі. Бұл Қазақстанда берілетін жер телімінің 30 пайызын құрайды. Адамдар «жер көп, неге жер бермейсіздер?» деп жазады. Жер жеткілікті. Бірақ су, жылу, жол, жарық жоқ деген мәселе туындайды. Алдымен инфрақұрылым жеткізіліп, кейін жер беріледі»,- деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Халықпен жүздесу кезінде өңір басшысы саяжайлардағы құқық бұзушылыққа тоқталды. Өткен жылы саяжайлардың барлығы есепке алынып, санақ жүргізілді.
null 

«Төтенше жағдай болса өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем кіре алмайды. Бұрын арық болған жерге үй салынған. Екі, үш қабатты үйлер есепке алынбаған. Халыққа өтініш айтамыз. Тұрғындар мен әкімдік бірлесіп, саяжайларда тәртіп орнату керек. Қылмыс, құқық бұзушылықтың көбі сол бау-бақша ұжымдарында тіркеліп жатыр»,- деді Б.Сапарбаев.