Жергілікті тауар өндірушілер ирандық сатып алушыларды ұстап қалуға икемдірек болуы керек - Елші
АСТАНА. KAZINFORM – Иран Қазақстанмен АЭС салу мәселесінде қандай тәжірибе ұсына алады? Бендер-Аббас портындағы Қазақстан терминалына арналған жер телімі неге әлі игерілмей жатыр? Екі арада 30 күндік визасыз режим қашан күшіне енуі мүмкін? Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукар мырзаның Kazinform тілшісіне берген кезекті сұхбатында осы және өзге де мәселелер қамтылды.
- Елші мырза, былтыр екі мемлекеттің басшылары Қазақстан мен Иран арасындағы сауда көлемін 3 миллиард долларға жеткізу міндетін қойған еді. Бұл межеге қалай қол жеткізу жоспарланып отыр?
- Сауда-экономикалық қатынастарды ұлғайту үшін бұрынғы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың Тегеранға соңғы сапарынан кейін жол картасы әзірленген еді. Бұл құжатқа Иран мен Қазақстанның Үкіметаралық комиссиясының 19-шы отырысы кезінде қол қойылды.
Қазір біз осы жол картасын іске асырудың бастапқы кезеңінде тұрмыз. Жақын арада Қазақстан сауда министрінің Иранға сапары жоспарланған. Сондай-ақ Иран жаңа жылынан кейін екі елдің жоғары лауазымды өкілдерінің өзара сапарлары кестеде бар. Жол картасында қойылған міндеттерді табысты іске асыру үшін екі елдің экономикалық делегациялары бірнеше сапар алмасады. Бұл тауар айналымының ұлғаюына, экономикалық ынтымақтастықтың өсуіне ықпал етеді.
- Қазір екіжақты сауда-саттықтың негізгі бағыттары қандай?
- Екі арадағы сауда-экономикалық қатынастарда бір-бірін өзара толықтыратын көптеген бағыт бар. Біз Каспий теңізі арқылы шектесіп жатырмыз. Аумағымыз үлкен, екі елдің халық саны да көп. Осы әлеуетті өте тиімді пайдалануымыз керек.
Басым бағыттардың бірі көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты дамыту болып отыр. Ақтау портында теңіз тасымалының көп бөлігін Иран компаниясы іске асырып отыр. Сонымен қатар, екі ел Түрікменстан шекарасындағы Инче Бурун қаласы мен Серахс кенті арқылы теміржол байланысын жолға қойған. Автомобиль арқылы да өзара жүк алмасып отыр. Иран Қазақстан үшін Оңтүстік Азияға, Шығыс Азияға, Африка мен Таяу Шығыс елдеріне қол жеткізетін ең қолайлы, ең жақын бағыттардың бірі болып есептеледі.
Сондай-ақ бізде, Иран мен Қазақстан арасындағы екіжақты форматта да, көпжақты ынтымақтастық форматында да өте жақсы байланыстар бар. Қазақстан-Ресей-Иран, Қазақстан-Түрікменстан-Иран, Қазақстан-Қытай-Иран форматтары соның дәлелі.
Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығы. Қазақстан ежелден біз үшін бидай мен арпа сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласындағы маңызды әріптес болып саналады. Сондай-ақ Қазақстан Иранға ет өнімдерін көп экспорттайды. Ал Ираннан Қазақстанға негізінен көкөністер мен жемістер экспортталады. Дегенмен, біз экспортталатын тауарлардың ассортиментін, соның ішінде терең өңделген тағамдарды кеңейтуге құлықтымыз.
Тау-кен саласы да – ынтымақтастықтың маңызды бағыты. Ирандық компаниялар Қазақстанда көптеген жыл бойы табысты жұмыс істеп келеді. Қазақстан үкіметі олардың қызметіне разы деуге болады. Иранда қазақстандық тау-кен компаниялары да табысты жұмыс істеп жатыр.
Өкінішке қарай, екі елдің әлеуетін ескерсек, ынтымақтастықтың қазіргі көлемі жеткіліксіз. Сондықтан осы жылдан бастап тау-кен саласында жұмыс істейтін ирандық компаниялардың санын көбейтуді, Ираннан Қазақстанға полимер, жуғыш заттар, тоқыма бұйымдары, үй тауарлары, жиһаз бен құрылыс материалдары сияқты өнімдердің экспортын кеңейтуді жоспарлап отырмыз.
- Қазақстан Иранға бидай экспорттайтынын айтып отырсыз ғой, алайда былтыр Ресей экспортының көлемі артып, Қазақстанның үлесі айтарлықтай төмендеді. Қазақстанның Иран нарығын ұстап қалуға әлі де мүмкіндігі бар деп ойлайсыз ба?
- Кей жылдары нарықтағы жағдайға байланысты тауар жеткізу қысқарып жатады. Баға айырмашылығына байланысты импорт көзі алмасып тұрады. Соған қарамастан, Қазақстан Иран үшін басым бағыттағы серіктес болып қала береді.
Алайда, қазақстандық кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер де ирандық сатып алушыларды ұстап тұру және әлемдік нарыққа ілесу үшін өздерінің икемділігін көрсетуі тиіс.
- Былтыр желтоқсанда Қазақстан Иранмен ет мұздатып экспорттау туралы уағда жасады. Экспорт көлемі қандай болуы мүмкін?
- Жалпы, Иран етті әдетте Латын Америкасынан сатып алды. Бірақ кейінгі кезде етке деген қажеттіліктің бір бөлігін іргедегі елдердің өнімімен қамтамасыз етуге тырысып жатыр. Иран Қазақстаннан жыл сайын жас ет импорттайды. Үкіметаралық комиссияның соңғы отырысында Қазақстаннан мұздатылған етті импорттау туралы уағдаластық жасалды.
Бастамаларды екі елдің де ветеринарлық органдары қолдап отыр. Биыл импорт қарқын алады деген есебіміз бар. Бірақ нақты көлемін айтуға әлі ерте. Өйткені, бұған дейін сіздерден мұздатылған ет импорттап көрген жоқпыз, тек жас ет таситынбыз.
- Екі жыл бұрын Иранның Бендер-Аббас портынан Қазақстан терминалын салу үшін жер телімін бөлу туралы уағдаластық жасалған еді. Осыған дейін редакциямызға берген сұхбатыңызда біздің тарап әлі нақты қадам жасамағанын айттыңыз. Қазір бұл келісім қандай сатыда? Терминал қай күні іске қосылатыны айқындалды ма?
- Өкінішке қарай, бұл жоба әлі іске асырылған жоқ, қағаз жүзінде қалып тұр. Қазақстан тарапы кідіре берсе, терминалға арналған жер телімін пайдалану жоспары өзгеруі мүмкін.
Әрине, біз Елшілік ретінде ол жерде Қазақстан терминалының салынғанын қалаймыз. Қазақстан тарапының кідірісі көбейіп кеткеніне сол үшін алаңдап отырмыз.
- Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Санкт-Петерборда өткен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей-Қазақстан-Иран бағытында талшықты-оптикалық байланыс желісін құруды ұсынды. Ол жоба туралы Иранның ұстанымы қандай?
- Президент Тоқаевтың ұзақ мерзімді көздейтін жоспарының бәрі ойдағыдай іске асса, екі тарап үшін де өте пайдалы болатынын айтқым келеді. Президент Қ. Тоқаев өңірдегі және жалпы әлемдегі ахуалды жақсы біледі. Қазір әлемде коммуникация және цифрлық ынтымақтастық салалары қарқынды дамып келеді. Сондықтан байланыс жылдамдығын арттырып, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін жобалардың пайдасы мол. Мен бұл өте жақсы идея деп есептеймін және ол орындалады деп үміттенемін.
Өткен аптада Иранның телекоммуникация және ақпараттық технологиялар министрі Алматыға барып, ШЫҰ елдері цифрландыру министрлерінің бірлескен кездесуіне қатысты. Осы сапар барысында ол министр Бағдат Мусинмен жемісті келіссөздер жүргізді.
- Маңғыстау облысы мен Иранның Мазандаран, Гилан және Гүлістан провинциялары арасындағы ынтымақтастық қалай дамып келеді? Аймақта Иран капиталының қатысуымен қандай кәсіпорындар жұмыс істейді?
- Соңғы екі жылда Маңғыстау облысы мен Иранның провинциялары арасында өте жақсы қарым-қатынас қалыптасты. Мұның бәрі – Ақтау мен Мазандаран және Гүлістан провинциялары арасындағы тікелей рейстің арқасы. Ұшу уақыты бар болғаны 1 сағат 20 минут болады. Айта кету керек, Ақтау халықаралық портына кіретін кемелердің көпшілігі Ирандікі. Сонымен қатар, Маңғыстау облысында Иранның көлік компаниялары, құрылыс материалдарымен және азық-түлік импортымен айналысатын компаниялар жұмыс істейді.
Таяуда Маңғыстау облысынан Мазандаран провинциясына 30 адамнан тұратын делегация ауқымды сапармен барды. Осы делегацияның сапар есебімен арнайы таныстым. Сапар қорытындысында ынтымақтастықтың басым салалары анықталды.
- Жақында БАҚ Иранның бірнеше атом электр станциясын салу жоспары бар екенін хабарлады. Қазақстан да осы саладағы мүмкіндіктерді зерттеп жатқанын білесіз. Екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығының болашағы қандай деп ойлайсыз?
- Біз энергетика саласында, тек ядролық қана емес, жылу электр станцияларын салу мәселелерінде өте жақсы ынтымақтасып, пікір алмаса аламыз. Иранның жылу электр станциялары мен су электр станцияларын салуда мол тәжірибесі бар. Ондай станцияларды қолайлы бағамен ұсына аламыз.
Білсеңіз, Ислам революциясына дейін АЭС салу жоспарымыз болған жоқ. Алайда, революциядан кейін Германиямен, Жапониямен әріптестік орнаттық. Ақыры Ресеймен ынтымақтаса отырып Бушерде АЭС салып бітірдік. Енді тағы 4 атом электр станциясын салу жоспарда бар. Ол жобалар зерттеу сатысында тұр. Қазақстанмен бұл бағыттағы біліміміз бен тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз.
- 2022 жылы екі елдің басшылары 14 күндік визасыз режим туралы келісімге қол қойған еді. Оны кейін 1 айға ұзарту жоспарда бар екені айтылды. Қазір бұл келіссөз қандай сатыда?
- 14 күндік визасыз режим Қазақстанға Ираннан және кері бағытта келетін туристердің көбеюіне ықпал етті. Ақтаудан Иранның Сари қаласына тікелей рейс бар екенін білесіз.
Визасыз режимді 30 күнге ұзарту келіссөзі әлі жүріп жатыр. Қазақстан тарапы түпкілікті шешім шығарған жоқ. Иран тарапы мерзімді ұзартуға дайын. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өзге мемлекеттік органдармен осы бағытта қызу жұмыс істеп жатыр. Екі ел консулдарының кезекті кеңесінде ол келісім қабылданады деп үміттенемін.
- Кейінгі жылдары Иранға қанша қазақстандық барғаны туралы мәлімет бар ма? Иран Қазақстан туристері үшін қай қырымен қызықты болуы мүмкін деп ойлайсыз?
- Қазақстанның мәліметі бойынша, жыл сайын 3 мыңдай қазақстандық Иранға барады. Иран қазақстандық туристер үшін түрлі қырымен қызықты болуы мүмкін. Мысалы, тарихқа қызығатын туристер үшін Шираз, Исфахан, Тебриз қалаларының берері мол. Иранның ірі қалалары да қазақстандықтарға қызықты деп ойлаймын.
Гүлістан провинциясында Иран қазақтары тұрып жатыр. Бұл да қызық бағыт бола алады. Қазақстанда қыс болып жатқанда Парсы шығанағының жағалауында демалудың өз артықшылығы бар. Киш, Кэшм аралдары мен Бушир қаласының жұмсақ климаты да туристер үшін тартымды деп саналады.
Иранның емдік туризмі де жолға қойылған. Валюта айырмашылығын пайдаланған шетелдіктер Иранға келіп емделіп жатады. Олардың саны қазір көп. Біздің медицина мамандарының арасында АҚШ-тан, Германиядан білім алғандар баршылық.
- Елші мырза, Иран мен Қазақстан арасындағы мәдени, білім байланысын нығайту үшін не істеп жатырсыздар?
- Екі елдің байланысының негізінде мәдени қарым-қатынас жатқанын айта кету керек. Біздің халықтарда ортақ дүние көп. Бірақ соны нығайту бағытындағы нақты шаралар жеткіліксіз. Ғылым және жоғары білім министрлігімен әріптестік орнатып, академиялық ынтымақты дамытуға уағдаласып отырмыз.
Иран қазақстандық студенттерге физика, математика, шет тілі сияқты мамандықтар бойынша 20 грант ұсынбақ.
Мәдени байланысымыз мұндай деңгейде деуге келмейді. Мысалы, Қазақстан өкілдері Иранда өтетін түрлі кино, театр, музыка фестивальдеріне қатыса бермейді. Ал Америка, Оңтүстік Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келушілер көп. Қазақстандықтардың қатыспауы қағазбастылықпен байланысты болуы мүмкін. Бұл саладағы байланысымызды да нығайтуға тырысуымыз керек.
Биыл Қазақстанда Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді. Біз осында өтетін басқа да түрлі шараларға қатыса аламыз.
- 2023 жылдың қарашасында Иранның жоғары басшысы Әли Хаменеи мұсылман елдерінің Израильмен тығыз сауда жасап жүргенін сынады. Оның ішінде Қазақстан да бар. Жоғары басшыларыңыздың осы сыны туралы түсінік бере кетсеңіз.
- Бұл мәліметті түзей кетсем деп едім. Сын айтқанымен, Қазақстанды немесе басқа да нақты елдердің атын атаған жоқ.
Газада болып жатқан жағдай – жеке өңірдегі кикілжің ғана емес, зор гуманитарлық апат. Ол жерде әскери қылмыс болып жатыр. Сондықтан, мемлекеттер саяси ұстанымына қарамастан, мұндай нәубеттерге қарсы нақты шаралар қабылдау керек.
Қазір 10 мыңнан астам бала бомбаның астында қалған. Әлемдегі елдердің бәрі үнсіз отыр. Ондай жағдай осы өңірдегі елдің кез келгенінде болмайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Палестина халқының ешқандай құқығы, мүмкіндігі болмай, соның кесірінен бастарын құрбан етіп жатыр.
Атап өту керек, Оңтүстік Африка Республикасы БҰҰ-ның Халықаралық сотына Израильдің әрекетін геноцид деп мойындау туралы талап арыз түсірді. Осыдан кейін барып қана Израиль атысты тоқтатып, сот алдында есеп беру керек деген уақытша резолюция қабылданды. Бұл мәселе мұсылман елдеріне ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығына қатысты.
Біздің рухани көсеміміз барлық елді осы геноцидтің жолын кесуге, Израильмен сауда-экономикалық байланысты уақытша тоқтата тұруға шақырды.
- Сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге рахмет!