«Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі». Жеті атасын ұғындыру
АСТАНА. KAZINFORM – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Kazinform агенттігі назарларыңызға ұлтымыздың тал бесіктен жер бесікке дейінгі ғұмырындағы маңызды салт-дәстүрлерін ұсынады.

Жеті атасын ұғындыру
Қазақ салты бойынша, əрбір отбасы өз перзенттеріне жастайынан жеті атасын ұғындыруы шарт. Олай болатыны, қазақ балаларының оң-солын танығанға дейін жеті атаcын білмеуі үлкен айып саналады.
«Жеті атасын білмеген – жетімдіктің белгісі» деп, ата-анасы тірі тұрып, ата тегін білмеуді əбестік деп біледі. «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер» деп, жеті атасын білуді өте жоғары бағалайды. Олай болатыны, қазақ халқы жеті атаға дейінгі барлық адамды өзінің ет жақын туысы есептейтіндіктен, жеті атаcын қанық білген жас ұрпақ кімнің жақын, кімнің алыс екенінен ертерек хабардар болады да, қыз алып, қыз беру, қыз айттырып, жар таңдау істері мен той-томалақ, өлім-жітім ұзату сияқты бұқаралық қимылдар да ұятты істерден аулақ болады.
Туыстар арасындағы сүйіспеншіліктерін арттырып, ел-жұрты мен туыс-туғандарының қамын жеп, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын халықшыл азамат болып жетілуге дағдыландырады. Сондықтан да əр отбасы ұрпақтарына кем дегенде əкесінің, атасының, арғы атасының, бабасының, түп атасының, текатасының аттарын жаттатқызып, туыстық қарым-қатынас жолдарын ұрпақтарына толық үйретуді бас тартпас парызы санаған.
Материал Айып Нүсіпоқасұлының «Тал бесіктен жер бесікке дейін» атты кінабына негізделіп дайындалды.