Жеті жылда — 1,3 мың жаңа мектеп: еліміздің мектеп инфрақұрылымы қалай дамып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — 2019 жылдан бері Қазақстанда 1,1 млн оқушыға арналған 1,3 мыңнан астам мектеп салынды. Ауқымды құрылыс жұмыстары оқушы орындарының тапшылығын қысқартып, үш ауысымды және апатты мектептердің санын да айтарлықтай азайтты. Қазақстанның мектеп инфрақұрылымы қалай өзгерді және бүгінде қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр — осы мәселені зерттеп көрген едік.
Жеті жылда 1,3 мыңнан астам жаңа мектеп салынды
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында соңғы жеті жылда Қазақстанда білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Олардың негізгі мақсаты — оқушы орындарының санын көбейту, үш ауысымды және апатты мектептердің санын азайту, сондай-ақ балалардың білім алуы үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау.
Нақты статистикаға тоқталсақ, 2019 жылдан бері елімізде 1,1 млн оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды. Бұл жылдар бойы қордаланған инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік берді. Осы кезеңде үш ауысымды мектептердің саны бес есеге, апатты мектептердің саны екі есеге, ал оқушы орындарының жалпы тапшылығы төрт есеге төмендеді.
Бүгінде Қазақстанда 8 мыңнан астам жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда шамамен 4,1 млн бала білім алады. Білім ошақтарының 5 мыңнан астамы ауылдық жерлерде. Сондықтан балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, бәріне тең сапалы білімді қолжетімді ету негізгі бағыттардың бірі болмақ.
«Келешек мектептері»: жаңа форматтағы 217 мектеп
Соңғы жылдардағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі — Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы.
— Жоба аясында еліміз бойынша 460 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салынды. Оның 84-і ауылдық жерлерде бой көтерді. Жоба қосымша оқушы орындарын қамтамасыз етумен қатар, өзекті инфрақұрылымдық түйткілдерді шешеді. Атап айтқанда, жаңа мектептердің іске қосылуы нәтижесінде 54 үш ауысымды және 14 апатты мектептің мәселесі толық шешілді, ал 100-ден астам мектепте орын тапшылығы қысқарды, — деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
Ведомствоның түсіндіруінше, жаңа форматтағы мектептердің бірқатар ерекшелігі бар. Мәселен, олардың аумағы бұрынғы стандарттан орта есеппен 15–20%-ға кең және техникалық жабдықталу деңгейі айтарлықтай жоғары.
— Мектептерде физика, химия және биология пәндеріне арналған заманауи кабинеттер, STEM-зертханалар, робототехника және компьютер сыныптары, еңбекке баулу шеберханалары, музыкалық және хореографиялық залдар, коворкинг-кеңістіктер және спорт инфрақұрылымы қарастырылған. Неғұрлым жайлы білім беру ортасын қалыптастыру шарасы да енгізілген. Бұл мақсатта бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, — дейді министрлік өкілдері.
Оқушылардың қауіпсіздігіне, дене шынықтыруына және алғашқы әскери даярлығына да ерекше көңіл бөлінген.
Тағы бір маңызды бағыт — инклюзивті ортаны дамыту. Жаңа форматтағы мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалып, білім беру инфрақұрылымына еш кедергісіз қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 90 мектеп бой көтереді
Саланы өркендету үшін жүйелі тетіктер бар. Солардың бірі — Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылы құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры. Қорға сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін тәркіленген қаражат жиналады.
Қор қаражаты есебінен 100 мыңға жуық оқушыға арналған 90 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Бүгінде оның 83-і пайдалануға берілді, тағы жеті нысанды жыл соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр.
Қор қаражаты ең алдымен орын тапшылығы мен үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді жаңғыртуға жұмсалады
Демек, бұл тетіктің пайдасы мен тиімділігі зор. Оның аясында жаңа мектептер салынып, қолданыстағы нысандар қайта жөнделеді, сондай-ақ қосымша ғимараттар мен қажет болса, жапсарлас құрылыстар салынып жатыр.
Мектептер өңірлердің қажеттіліктеріне байланысты салынады
Сонымен қатар, министрліктің мәліметінше, елімізде жаңа мектептер құрылысы басқа да бағдарламалар мен қаржыландыру көздері аясында жалғасып келеді. Бұл мақсатта республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты жұмсалып қана қоймай, жеке инвестициялар да тартылады.
Мұндай кешенді тәсіл қазіргі инфрақұрылымдық міндеттерді орындауға оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге, қандай да бір елді мекенге білім ошақтарын салғанда, демографиялық өсім көрсеткіштеріне, яғни нақты қажеттілікке мән беріледі.
— Соңғы жеті жылда мектеп инфрақұрылымын дамыту бағытындағы стратегия өзгерді. Жекелеген нысандарды салудан білім беру желісін жүйелі жоспарлауға көштік. Бүгінде жаңа мектептерді саларда, демографиялық жағдай, қолданыстағы ғимараттардың жай-күйі және нақты елді мекендердің қажеттіліктері ескеріледі, — деп түсіндірді министрлік.
Атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесінде елімізде білім беру саласындағы мәселелер ақырындап шешіліп келеді. Атап айтқанда, бұған мектептер құрылысының ауқымды жүргізілуі, «Келешек мектептері» ұлттық жобасының іске асырылуы, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының құрылуы және әртүрлі қаржыландыру көздерінің тартылуы әсер етіп жатыр. Осы шаралардың арқасында республикада мектептердегі орын тапшылығын, үш ауысымды оқыту көрсеткішін және апатты мектептер санын қысқартуға негіз қалыптасты.
Жүйелі жұмыс одан әрі жалғаса бермек. Үкімет қыркүйек айында хабарлағандай, қазіргі уақытта Қазақстанда 59,3 мың оқушыға арналған тағы 101 мектеп салынып жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек деген бағыттағы мәлімдемесін жариялағанбыз.