Жетісу облысында 60 тонна қорғасын алып бара жатқан жүк көліктері ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM - Шетелге стратегиялық маңызды шикізатты заңсыз әкету әрекеттері тоқтатылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс мәлімдеді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісу облысында 60 тонна қорғасын алып бара жатқан жүк көліктері ұсталды
Фото: Polisia.kz

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру аясында Ішкі істер министрлігі қара және түсті металл сынықтарын ел аумағынан заңсыз шығару арналарының жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Осылайша, Жетісу облысында полиция департаментінің жедел қызметкерлері экономикалық тергеу департаменті және кеден қызметімен бірлесіп, стратегиялық маңызды шикізат – қорғасынның ірі партиясын заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті. Олар 60 тоннадан астам қорғасын тиелген екі жүк көлігін тоқтатты, оның нарықтық құны 60 миллион теңгеден асады. Жүк экспортқа жіберілмек болған.

Қазіргі таңда бұл қылмысқа қатысы бар барлық азаматтарды анықтап, ұстау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Бұған дейін осындай фактілер еліміздің басқа өңірлерінде де анықталған болатын. Солтүстік Қазақстан облысында «жоғары легирленген болат» түрінде қара металл сынықтарын шетелге шығарып жіберуге тырысқан ЖШС-нің заңсыз әрекеті тоқтатылды. Шамамен 1 мың тонна металл сынығы, соның ішінде көршілес мемлекетке жөнелтуге дайын 7 вагон табылды.

Маңғыстау облысында Каспий маңы елдерінің біріне металл сынығын теңіз арқылы жөнелту арнасы анықталды. ЖШС аумағынан 400 тоннадан астам қара металл сынығы табылып, оның ішінде екі контейнер экспортқа дайындалып қойылған.

- Аталған барлық фактілер бойынша кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. ІІМ стратегиялық маңызды ресурстардың шетелге кетуінің алдын алу, елдің экономикалық әлеуетін сақтау және ұлттық мүддеге зиян келтіруге жол бермеу үшін осындай шаралар қабылданып жатқанын атап өтеді,-делінген министрліктің хабарламасында.

Осыған дейін ІІМ металл сынықтарын контрабандалық жолмен тасымалдау схемаларын анықтағаны туралы жаз,ан едік.

 

Соңғы жаңалықтар