Жетісу облысында көлікпен адам қағып өлтірген кінәлі жүргізуші ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға ағымдағы жылдың 10 қаңтарында таңғы уақытта Ескелді ауданында орын болған. Бұл туралы Polisia.kz жазды.
— Белгісіз көлік жүргізушісі Қарабұлақ ауылындағы Ескелді би көшесінде келе жатып, жолдың жиегіндегі жаяу жүргіншілерді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жаяу жүргіншілердің бірі алған жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапты, — делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері оқиға туралы хабар алған бойда іздеу жұмыстарын бастап, жедел әрекет ету нәтижесінде «Тойота» маркалы автокөлігінің жүргізушісін ұстады. Ол 37 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Жүргізуші ұсталып, қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында жол апатынан 3 адам мерт болғанын жазған болатынбыз.