Жетісу облысында сегіз жаңа су қоймасы салынады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысында су үнемдеу технологиялары белсенді қолданылып отыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті.

Жетісу облысында вегетациялық кезең тұрақты негізде өтуде. Өңір әкімі Бейбіт Исабаев су қоймаларының орташа толу деңгейі 70%-ды құрайтынын, барлық егіс алқабы егіндік сумен қамтамасыз етілгенін хабарлады. Биылға жоспарланған 1 млрд м3 су көлемінің 250 млн м3 мөлшері шаруаларға берілді. Қалған көлемді маусымның соңына дейін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
— Өңірде су үнемдеу технологиялары мен әдістері белсенді қолданылуда. Сегіз жаңа су қоймасын салу жоспарда бар. Бір бөгет салу жобасы дайындалды. Ислам даму банкі арқылы екі жоба жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, екі жоба республикалық бюджеттен және тағы екеуі жергілікті бюджеттен қаржыландырылады, —деп атап өтті Бейбіт Исабаев.
Еске сала кетейік, бүгін Олжас Бектенов вегетациялық кезеңде су тәуекелдерін басқару жөніндегі өңірлік штабтар құруды тапсырған болатын.
Ал Су ресурстары және ирригация министрілігі Қазақстанда шамамен 85 мың гектар жер су үнемдеу технологиясымен суарылатынын мәлімдеді.