Жетісуда электр желілерінің 82 пайызы тозған
ТАЛДЫҚОРҒАН.KAZINFORM – Жылу инфрақұрылымын жаңартуға және отын қорын толықтыруға барлығы 14,2 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімшілігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктік мәліметінше, 2025-2026 жылдары жылыту маусымына жылумен жабдықтау объектілерін жөндеуге – 6 млрд теңге, отын сатып алуға – 8,2 млрд теңге бөлінді. Кәсіпорындардың өз қаражаты – 2,2 млрд теңге.
Қазіргі уақытта, кәсіпорындар жөндеу жұмыстарының көлемі анықталып, кестеге сәйкес жұмыс істеліп жатыр.
Облыс бойынша барлығы 23 қазандық, 1 жылу электр орталағы (85 қазан, 2 турбина), 393 км жылу (тозуы 47%), 3 935 км сумен жабдықтау (тозуы 33%), 628 км кәріз (тозуы 56%), 13,7 мың км электр желілері (тозуы 82,8%) және 2 644 трансформаторлық қосалқы станциялары бар.
– Бұл жылғы жөндеу жұмыстары аясында 2 трубина, 35 қазандық жөнделеді, 79,5 км су желісі қайта салынады, 12,8 км жылу желісі жаңартылады, 1 100 км электр желісі мен 412 трансформатор жөндеуден өтеді, – делінген хабарламада.
Алдағы жылыту маусымына 293 мың тонна көмір және 6,4 мың тонна мазут дайындау жоспарланып отыр. Халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 37 орын пен қойма жұмыс істейді, оларда 17 мың тонна көмір бар. Көмірдің жалпы қажеттілігі 397 мың тонна.
Бюджеттік ұйымдар үшін 10,6 млн литр сұйық отын, 15,1 мың тонна көмір және 3,6 мың тонна пеллет дайындалып жатыр.
Айта кетейік, жалпы өңірде барлығы 610 білім беру, 352 денсаулық сақтау, 352 әлеуметтік сала нысандары мен 1 697 көппәтерлі тұрғын үй бар.
Алдағы жылыту маусымында Талдықорған қаласы ерекше бақылауда болады. Жаңа нысандардың іске қосылуы қосымша жылу энергиясын қажет етеді.
– Облыс орталығында жылу жүйесін жетілдіру мақсатында екі ірі жоба іске асырылып жатыр. Олар қуаты сағатына 49 Гкал болатын орамдық қазандықтың (11,1 млрд теңге) және жеке инвестициялар есебінен газотурбиналық станцияның құрылысы (27 млрд теңге), – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Бұл жобалар аяқталғаннан кейін қала тұрғындары үшін жылумен қамтамасыз ету сапасы айтарлықтай жақсарады, ал ескі «Басқуат» қазандығына жүктеме 30%-ға азаяды.
Айта кетейік, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымы штаттық режимде өтті. Жылыту маусымының өту кезеңінде тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде ірі авариялық жағдайлар тіркелген жоқ.
Сонымен қатар Премьер-министр Олжас Бектенов алдағы үш айда облыс әкімдері атқаруы тиіс бірқатар міндеттер туралы жазғанбыз.