Жетісуда көмір қорының 22 пайызы дайын

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Өңірде 2025-2026 жылғы жылыту маусымына дайындық жалғасып жатыр.

Көмір
Фото: Түркістан облысы әкімдігі

Облысқа қажетті 397 мың тонна көмірдің бүгінгі күні 88,8 мың тоннасы дайындалған. Бұл жалпы қажеттіліктің 22 пайызын құрайды.

Облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Айдос Бекетаевтың айтуынша, дайындалған көмірдің 68,3 мың тоннасы халыққа сатылған. Ал қалған 20,5 мың тоннасы өңірдегі көмір қоймалары мен тарату алаңдарында сақтаулы тұр.

— Қазіргі таңда облыс бойынша көмір сақтау және тарату бойынша 43 нысан жұмыс істеп тұр. Оның 35-і — көмір тарату алаңы, 8-і — арнайы қойма, — деді Айдос Бекетаев.

Көмір жеткізу жұмыстары күнделікті бақылауда. «ҚТЖ — Жүк тасымалы» ҰК» АҚ тарапынан вагондар қозғалысына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр.

Айдос Бекетаевтың мәлімдеуінше, облысқа тәулігіне орта есеппен 14 вагон, яғни шамамен 966 тонна көмір жеткізіледі. Оның ішінде «Шұбаркөл» және «Қаражыра» кен орындарынан күн сайын 7 вагоннан көмір жөнелтіліп отыр.

Темір жол қатынасы жоқ аудандар үшін көмір автокөлікпен тасымалданады. Бұл бағыттағы жұмыстар да жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.

— Отын тапшылығына жол бермеу үшін тұрғындарға көмірді алдын ала сатып алуға кеңес береміз. Көмір сатумен айналысатын кәсіпорындар мен тасымалдаушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді басқарма басшысы.

Бұған дейін, Жетісуда 85 пайызға тозған негізгі қазандық газға көшірілетінін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар