Жетісуда жыл басынан бері жол апатынан 116 адам көз жұмған

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Биыл жыл басынан бері Жетісу облысында 945 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 116 адам қаза тапты. Оған қоса, 1667 адам жарақат алған.

жол апаты
Фото: pexels.com

Былтырғы жылмен салыстырғанда адам шығыны бар жазатайым оқиғалардың саны 58,5%, зардап шеккендер саны 67,3% артқан. 

Балалар жарақатының артуы ерекше алаңдатып отыр. Он айда 400 кәмелетке толмаған бала зардап шеккен (өсім 53%), оның 13-і қайтыс болды.

— Бұл жағдай барлық жүргізушілердің ерекше назарын талап етеді. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, адамдардың өмірін сақтап қалуға болады, — деді ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Жетісу облысы бойынша департаменті басшысы Ерлан Молдахметов.

Жазатайым оқиғаның ең көбі — Талдықорғанда тіркелген. Мұнда 329 жол апаты болды. Панфилов ауданында — 237, Алакөлде — 72 және Ескелді ауданында 74 оқиға тіркелді. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі елді мекендерде (664), тағы 243-і республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда орын алған.

Оқыс жағдайлардың негізгі себептеріне жылдамдықты арттыру (184 жағдай), жол белгілерін елемеу (202), жаяу жүргіншілерге жол бермеу (119), маневр жасау ережелерін бұзу (73) жатады.

Жыл басынан бері облыста 247 жаяу жүргіншілерді қағып кету дерегі тіркелді. Онда 6 адам қаза тауып, 242 адам жарақат алған. Осындай жағдай бойынша Талдықорғанда — 124, Панфилов қаласында — 54, Ескелдіде 20 оқиға тіркелді.

Апаттардың көпшілігі қарбалас уақытта — таңғы 7:00 мен 9:00 арасында және кешкі уақытта 18:00-ден 22:00-ге дейін орын алады.

Айта кетейік, қазір аймақта мас күйде көлік жүргізу дерегі азаймай тұр. Осы уақытқа дейін 18 оқиға анықталды.

Бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында жол апатынан 5 адам қаза болып, бір адам жарақат алғаны туралы жаздық

Соңғы жаңалықтар