Жезқазған-Петропавл жолының бойында жол апатынан жүргізуші опат болды

«Volvo-440» автокөлігімен келе жатқан Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының 38 жастағы тұрғыны көлікті басқару тетігіне ие бола алмай, қоғалыс бағытындағы жол жиегінде тұрған «ГАЗ-5307» көлігіне соғылған.
Апаттың салдарынан «Volvo-440» автокөлігінің жүргізушісі оқиға орнында жан тапсырды. Ал оның 30 жастағы жолаушысы аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.
Оқиға орнына жеткен патрульдік жол полициясының қызметкерлері болған жағдайды шамамен болжам жасады. «ГАЗ-5307» жүргізушісінің сөзіне қарағанда, ол көлігін тоқтатып қойып, доңғалағын жөндеуге кіріседі. Көліктің апаттық сигналы қосылып тұрған. Осы уақытта «Volvo-440» автокөлігі келіп соғылған.
Қазір ЖКО фактісі бойынша жауап алу жүргізіліп жатыр. Апат себептерін анықтау мақсатында қажетті сараптамалар белгіленді.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында 304 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның салдарынан 42 адам қаза болып, 382 жарақат алды.