Жезқазған ЖЭО-дағы апат: Қала әкімі жағдайды түсіндірді
Ұлытау облысы Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов Жылу электр орталығында істен шыққан қазандықтарды қалпына келтіру жайлы мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Кazinform.
Айтуынша, жұмысы тоқтаған үш қазандықтың екеуі бүгін таңертең іске қосылды. Тағы бір қазандықты түн ортасына дейін жөндеу уәде етілді.
«Жағдай тұрақтанды, апатты жою жұмыстары аяқталды. Кеше сағат 21:00-де №3 қазандықты қостық. Бүгін 20 желтоқсан, таңғы 7.00-дегі жағдай бойынша, №4 қазандықты қостық. Жылу желілеріндегі температура режимге сәйкес беріліп жатыр.
Ал бүгін сағат 00:00-ге дейін резервке тағы бір қазандықты енгізуді жоспарлап отырмыз. Пәтерлерде температура көтерілді. Апат салдарынан температуралық режим 10 градусқа төмен болды. 73 градус болуы керек еді, біз 63 градуспен жібердік. Бірақ бүгін таңертең, сағат 8:00-де 70 градусқа дейін көтерілді. Кешке дейін температураны арттырамыз», - деді Жезқазған әкімі Қайрат Шайжанов.
Белгілі болғандай, екі қазандықта тесік пайда болып, үшіншісінде түтін сорғыш істен шыққан.
«Тесік бір қазандықтың су үнемдегішінде анықталды. Ал екінші қазандықта түтін сорғыш істен шықты. Бір түтін сорғышпен қазандық жұмыс істей алмайды, сондықтан оны тоқтатуға мәжбүр болдық. Кеше бір істен шыққан тағы бір қазандықта конвективті жылытқышта тесік анықталды», - деп түсіндірді қала басшысы.
Қазіргі таңда Жезқазған жылу электр орталығының тозу деңгейі 74% құрайды.
Еске салсақ, жыл басында "Қазақмыс" корпорациясы қазандықтар мен турбиналарды ағымдағы жөндеуге 2,7 млрд теңге бөлгенін мәлім еткен еді. "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы бойынша қосымша 11 млрд теңге бөлінді.
"Екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеуге 11,7 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жұмыстар жалғасып жатыр. Бір қазандықты күрделі жөндеу аяқталды. №9 қазандық бойынша жөндеу жұмыстары 15 қаңтарда аяқталады деп күтілуде. Өткен жылы қазандықтарға күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. Былтырғы жылыту маусымын біз қазандықтарды ағымдағы жөндеумен өткіздік. Ал биыл күрделі жөндеуден өткен екі қазандық бар", - деді Қайрат Шайжанов.
Қала әкімінің айтуынша, жағдайды қалыпқа келтіру үшін екі жылыту маусымы қажет.
Айта кетейік, бүгін таңертең Энергетика министрлігі мәлімдеме таратып, «соңғы тәулікте кейбір облыстардағы жылумен жабдықтау объектілерінде технологиялық бұзушылықтар тіркелді. ЖЭО-дағы бұзушылықтарды жою үшін барлық қажетті материалдар, сондай-ақ персонал толық көлемде бар», - деп атап өтті.
Еске салсақ, кеше Жезқазған қаласының ЖЭО-да бес қазандықтың үшеуі істен шыққан болатын.
Ұлытау облысының бас шаһарында өткен жылыту маусымын да төтенше жағдай орын алған еді. ЖЭО-да бірден екі қазандық істен шығып, тұрғындар аязды күндері жылусыз қалды.